Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра
Өскемен қаласындағы ADK River сауда кешені мен Солжағалау кешенінде (этносаябақ) Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті
Мерекелік концертті Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен "Ертіс концерт" шығармалық ұжымы ұйымдастырды.
Барша шығысқазақстандықтарды бүгінгі Домбыра күнімен құттықтаймыз. Бүгінгі концертте біз қасиетті қара домбыраның үнін де күмбірлеттік, домбыраның сүйемелдеуімен қазақтың ұлттық биін де көрсеттік. Сондай-ақ, домбырамыз жайлы әсем әндер орындалды. Біздің мақсатымыз - домбыра және домбыра арқылы қазақтың ұлттық өнерін насихаттау, - деді "Ертіс концерт" мекемесі директорының концерттік қызмет бағытындағы орынбасарының міндетін атқарушы Альбина Мырзағалиқызы.
Концертте "Алтай" халық би ансамблі, "Ән салдар" дәстүрлі әншілер тобы және жергілікті әншілер өнер көрсетті. Мерекелік бағдарлама "Балбырауын" күйімен аяқталды.
Сонымен қатар, кеш соңында қонақтарға домбыраны өз қолдарына алып, ойнап көру мүмкіндігі ұсынылды.