ШҚО әкімі шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы медкөмек көрсетуді тапсырды
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев аудан және қала әкімдерімен арнайы кеңес өткізіп, облысты дамытудың маңызды бағыттарын талқылады
Жиында сапалы заманауи медицина мүмкіндіктері, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, туризмді және білім беру саласын дамыту, өзара ынтымақтастық мәселелері қаралды
Ең әуелі, мен жылжымалы медициналық кешендердің тиімділігін бағалап, олардың нақты алгоритмін әзірлеу қажеттілігін тапсырдым, - деп атап өтті ШҚО әкімі Ермек Көшербаев. - Басты мақсат - барлық, әсіресе шалғайдағы елді мекендердің сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу. Әкімдіктер, денсаулық сақтау басқармасы, медицина қызметкерлері мен халық арасында тиімді үйлестіру жұмыстары жолға қойылуы керек. Министрліктер мен ведомстволардың жергілікті өкілдері облыстық ауқымдағы міндеттерді шешуге жұмылдырылуы қажет. Өйткені өмірдің көптеген салалары осындай өзара іс-қимылға байланысты.
Сонымен қатар, облыс әкімі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті пайдалы әрі тиімді бизнес түріне айналуы шарт. Ол үшін барлық мүмкіндіктер жетерлік, - деді ол.
Сондай-ақ, өңір бойынша "Жайлы мектеп" жобасын іске асыруда білім министрлігімен өзара жоспар әзірленіп, әрбір нақты мектептің мүдделері мен өңірлік ерекшеліктері басты назарға алынғанын да тілге тиек етті.