Өскемендіктерге қай жерде құрбан шалуға рұқсат?
28 маусымда күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады
ШҚО-дағы мешіттерде 28 маусым күні таңғы сағат 7.00-де айт намазы оқылады, деп хабарлайды, Устинка LIVE тілшісі.
Арнайы 15 қасапшы дайындалды
Айт намазы оқылғаннан кейін құрбан шалынады. Өскемен қаласындағы Шығыс ауылының маңында құрбан шалу орны дайындалды. Одан басқа мешіт маңында мал сойып, сауда сатуға рұқсат жоқ.
Мешіт аумағында мал союға және сатуға тыйым салынады. Мал сою орнында ветеринарлық пост қойылады. Сол жерде мамандар союға әкелінген малды, оның құжатын, сойылған мал тұтас етін түгелдей тексерістен өткізеді, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Өскемен қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Алмас Кезембаев.
Мал сою орындарында ветеринар, санитарлар барлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалайтын болады.
Мереке қарсаңында халықтың тамақтан улану және ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды ұсынамыз: құрбандыққа шалынатын малды арнайы орындарда ғана сою керек, сондай-ақ ветеринариялық құжаттарын тексеру; мал сою орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау (сумен жабдықтау, кәріз жүйелерінің болуы), мал сою барысында шыққан қалдықтарды уақтылы залалсыздандырып, шығару; қызметкерлерде медициналық кітапшалардың болуы, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау. Бұл талаптар үй жағдайында да сақталуы керек, - дейді Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Салтанат Тоқанова.
ШҚО Халифа Алтай мешіті Құрбан айтқа орай 15 қасапшыны арнайы оқытқан, барлығының санитарлық кітапшалары бар.
Құрбан шалған уақытта айналаны ластамай, тазалық сақтау керек. Құрбандық сіздің ақыретіңіз үшін шалынатын мал болғандықтан оның еті ғана емес, терісі де, ішек-қарын, бас-сирағы да қасиетті. Сондықтан оны обалды қылмай, пайдалануға немесе мұқтаж жандарға үлестіріп беруге тырысу керек, - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ШҚО бойынша өкілдігінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.
Құрбан айт – ұлық мейрам
Ислам дінінде екі үлкен мейрам бар – Ораза айт және Құрбан айт. 28 маусымда Құрбан айт басталып, үш күн тойланады. 28 маусым күні таңғы сағат 07.00-де шығыстың барлық мешіттерінде айт намазы оқылады. Құрбандықты айт намазы оқылғаннан кейін шала бастайды және үшінші күні кешкі ақшам намазына дейін жалғасады, - дейді Ермек қажы Мұқатай. - Айт күні ораза ұстау қате. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт күні ертемен үйінен тамақ ішпей шығып, айт намазына қатысып, одан кейін құрбан шалып, сол құрбан малдың етін асып, сорпасын ішкен. Өйткені айт мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Сол себепті мейрам ретінде кең көлемде атап өтуді, айтшылауды әдетке айналдырып, ұрпаққа үлгі етуіміз керек.
Құрбандық шалу дәстүрі – Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) сүннет болып қалған амал.
Құрбан сөзінің мағынасы – жақындау. Яғни, Алла мен пенденің арасындағы жақындық, шынайы ықылас. Алла Тағала Құранда "сендердің сойған малдарыңның не қаны, не еті Аллаға жетпейді. Бірақ сендердің ықыластарың, тақуалықтарың жетеді" дейді. Сондықтан пенденің Жаратушының әмір-бұйрығын қалай орындайтыны маңызды. Өйткені кейбіреулер біліп-білмей құрбан малға немқұрайлы қарап, ақсақ-тоқсақ, ауру мал шалуы да мүмкін. Ал құрбан шалудың өз үкімі, яғни шарттары, орындалу тәртібі бар. Осыған мұқият болу абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) малды соятын кезде пышақты көрсетпей, жақсылап қайрап алу керектігін айтады. Малды қинауға болмайды. Бауыздаған кезде міндетті түрде "Бисмилаһи, Аллаһу әкбар" деп барып бауыздау керек. Құрбан шалушы малдың ең қымбатын алуға ұмтылу шарт емес. Құрбан мал алар кезде саудаласу мыңызды. Саудаласқан кезде екі ортада айтылған сөз сауап болып, тәспі тартқандай саналады. Мал иесі де осы уақытты пайдаланып қалмақ ниетпен бағаны шарықтатпай, халықтың әл-ауқатына қарай қойса - сауап, - дейді Ермек қажы Тасболатұлы.
Жалпы, құрбандық шалу үшін мұсылман болу, жолаушы болмау, ақыл-есі дұрыс болу, балиғатқа толу және бақуатты (негізгі қажеттілігінен тыс 85 грамм алтынға тең ақша немесе осы құнға тең артық мүлікке ие болу) болу уәжіп. Былай айтқанда, бүгінгі есеппен негізі қажеттілінген артылған 1 379 261 теңгесі бар адам құрбан шалуға міндетті.
Ал құрбандыққа қой-ешкі, сиыр және түйе шалуға болады. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар.
Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) "Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық" деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.
Құрбандықты онлайн шалуға да болады
Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында Уақып және Зекет қайырымдылық қорларының ұйымдастыруымен Құрбан айтқа орай qurban2023.kz сайты жұмыс істеп тұр. Яғни, құрбан шалу орнына бармай-ақ, малды онлайн таңдап, сойдырып алуға болады. Осы сайт арқылы мұқтаж отбасылар да өтініш қалдыра алады, - дейді Уақып және Зекет қайырымдылық қорларының ШҚО бойынша өкілі Берік Қадірұлы. - Халықты "Раббың үшін құрбан шал!" акциясына қатысуға шақырамыз. Облыстық мешіт жанында және Шығыс ауылындағы құрбан шалатын жерде арнайы құрбан еттерін сақтап, таратуға арналған орын дайындалды. ШҚО Халифа Алтай мешіті Өскемен қаласындағы жұмыспен қамту бөлімі арқылы мұқтаж отбасылардың тізімін дайындады.
Құрбан малының бір бөлігін мұқтаж жандарға беруге ниетті азаматтар осы тізім арқылы қайырымдылық жасай алады.
Осы орайда Берік Қадірұлы бұл үш күнде зекет беруге болатындығын да еске салды.
Рамазан айында берілмей қалған зекетіңіз болса, осы Құрбан айттың үш күнінде беруге болады. Бақуатты адам (1 379 261 теңгесі бар адам) осы соманың 2,5%-ын, яғни 34 477 теңгесін мұқтаж жандарға беру арқылы зекетін өтей алатынын еске саламын, - деді Берік Қадірұлы.