ШҚО-дан Абай еліне 15 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Өңірдің мемлекеттік қызметкерлері мен университет қызметкерлері бір күндік жалақыларын да көмекке берген
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, еріктілері және "Аманат" партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Абай облысында тілсіз жаумен күресіп жүрген құтқарушылар мен өрттен зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Көмек ретінде гигиеналық заттар, азық-түлік, распираторлық маскалар және ыдыс-аяқтар жіберілді. Бұндай көмек бүгінде өңірден үшінші мәрте жөнелтіліп отыр.
Бүгінде тілсіз жаумен күресіп жүрген өрт сөндірушілерге, эвакуацияланған тұрғындарға қажетті дүниелерді жинадық. 15 тоннаға жуық азық-түлік, айран, сүт және жеке гигеналық заттар жібереміз. Абай облысына гуманитарлық көмекті жинауды әрі қарай да жалғастырамыз, - деді "Аманат" партиясының ШҚО филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жансая Қаныбекова.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының барлық мемлекеттік және университет қызметкерлері қаржылай көмек көрсету мақсатында бір күндік жалақысын аударғанын айта кетеміз.