Шығыс ауылындағы ағайынның балаларына технология тілін үйретуде
Жыл басынан бері Өскеменнің іргесіндегі шағын ауылдағы балаларды заманауи технологияны меңгеруге баулитын жоба бастау алған болатын
Оқу жылы соңында үздік нәтиже көрсете білген оқушылар марапаттарға ие болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс ауылында орналасқан Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапхана бөлімшесінде осы жылдың басында балаларға технология тілін үйрететін жоба бастау алған еді. Жобаның демеушісі – "Казцинк" АҚ.
"IT білгірі" жобасының мақсаты – ауылдағы қандас ағайынның балаларына заманауи технологияны үйрету. Жаңашыл жобамыздың алғашқы сәтті нәтижесіне де жетіп отырмыз. Күні кеше "Robotics" және "Digital fashion" курстарын жетістікпен аяқтаған дарынды балаларға арнайы сертификатымызды салтанатты түрде табыстадық, – дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айгүл Ахметжанова.
Ұлдар арасында оза шапқандар – Қаратай Жәнібекұлы, Ердәулет Бақытжанұлы, Алдияр Әділұлы. Ал қыздар ішінде өткізілген сайыс жеңімпаздары – Толғанай Амантайқызы, Диннура Мұрат және Жайнар Құмырхан. Оларға сертификаттан бөлек, бағалы сыйлықтар да табысталды.
Қыздар арасындағы сайыста барлығы 15 қатысушы болды. Екі түрлі киімді виртуалды түрде үлгілеу тапсырмасы берілген болатын. Оның бірі классикалық киім, ал екіншісі спорттық үлгідегі киім болды. Бірінші орынды иеленген Толғанай Амантайқызы қуаныштан көзіне жас та алды. Бұл оның өмір жолындағы жарқын жеңістерінің бастамасы деп сенеміз. Осы үйірмелерге қатыспаған басқа балалар да мұны көріп, қызыға түсті, – дейді №12 кітапхана-бөлімшесінің меңгерушісі Айнар Жарқын.