ШҚО-да жыл сайын үш жүзге жуық қыз-келіншектен сүт безі қатерлі ісігі анықталады
2019 жылдан бері скринингтің арқасында бұл дерт ерте сатысында анықталып жатыр
ШҚО маммолог-онкохирургтері бүгінгі таңда сүт безі обырының кесірінен отамен алып тастаған омырау бездерін қалпына келтіру операцияларын да жасап жүр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы ақпаратына сүйеніп.
Ондай ота кепілдендірілген медициналық көмектің шеңберінде тегін жасалады.
Елімізде қыз-келіншектер сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін 2009 жылдан бастап скринингтен өте алады. Жыл сайын тек облыста ғана 50 мыңнан астам әйел тексеріледі. Өңірде дәрігерлер жыл сайын, орташа есеппен, 290-320 пациентке "сүт безі қатерлі ісігі" диагнозын қойып, есепке алады.
Орталықтың онколог-маммологы Инна Чертищеваның айтуынша, осы скринингтің арқасында облыста қатерлі ісік өте ерте, 0-1-ші сатысында анықтала бастады.
Анықтау деңгейі жоғары болғандықтан біз өте кішкентай ісіктерді де анықтауды үйрендік. Соның нәтижесінде біз сүт безі қатерлі ісігіне онкопластикалық оталарды, сондай-ақ осы патологияда сүт безін толығымен алып тастағаннан кейін реконструктивті операцияларды белсенді түрде жасай бастадық, - деді Инна Леонидовна. - 2018 жылы бізде алғаш рет доктор Абсар мастер-класс өткізді. Абсар Мұхаммед Шаминиз - онкопластикалық хирург, Манчестердегі (Ұлыбритания) сүт безі обыры хирургиясы орталығының клиникалық директоры. Алдымен мен одан үйрену үшін Лондонға бардым, содан кейін ол өзі осында келді. Біз сол кезде екі онкопластикалық операция жасадық, екеуі де сәтті аяқталды. Кейін тәжірибемізге осы әдісті белсенді түрде енгізіп, қазір де кеңінен қолданамыз.
Өткен жылдан бастап орталықтың онколог-хирургтары сүт безін толығымен алып тастағанның өзінде хирургияның көмегімен омырауды қалпына келтіретін ота жасап келеді. Облыста бұрын сүт безі қатерлі ісігіне ұшырағанда радикалды мастэктомия (сүт безін толығымен алып тастау) жасатқан әйелдер көп еді.
Біз олардың бұлшық еттерін сақтап қалдық, бірақ сүт бездері мен лимфа түйіндерінің коллекторларын толығымен алып тастағанбыз. 2022 жылы жеті науқастың сүт безін толық қалпына келтіру операциялары жүргізілді. Біз омыраудың көлемін де, пішінін де қалпына келтіріп, емізікті қалпына келтірумен оған эстетикалық кескін бере алдық. Яғни, әйелдер енді өз денесінен ұялмайтын болады. Тіпті татуировка жасатып алса, отаның ізі де білінбейді, - деп түсіндірді Инна Чертищева.
Айта кетейік, сүт безін қалпына келтіру операциясының бұл түрі науқастың сақтандыру жүйесінде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан барлық әйелдер үшін тегін.
Қазір көпбейінді онкология және хирургия орталығында үш маммолог-онколог жұмыс істейді. Олардың біреуі науқастарды таңертеңнен кешке дейін қабылдайды және екі хирург операция жасайды. Онкохирургтер онкопластикалық операциялардың барлық түрлерін, оның ішінде қайта қалпына келтіру отасын да жасайды. Көпбейінді орталықтың маммология және онкогинекология бөлімшесі 18 төсекке есептелген және осы жерде айына орта есеппен 68 қыз-келіншек емделіп шығады.
Қазір біздің алған қойған мақсатымыз көп. Маммологиялық орталық ашу сияқты керемет жобамызды бастаймыз. Сүт безі проблемаларымен келген әйелге бірнеше күн ішінде нақты дәл диагноз қойылады деп үміттенеміз. Біз тиімді, жақсы емдеу әдістерін қолданатын боламыз. Жоспарда аспирациялық вакуумдық биопсияны қолға алу бар. Бұл сүт безінің қатерсіз ісіктері кезінде тіліксіз, яғни тесу арқылы жасалатын операция. Біз диспансерде отаның осы түрі болғанын қалаймыз, - деп атап өтті Инна Леонидовна.
Естеріңізге сала кетейік, сүт безі қатерлі ісігі әлемде аурушаңдық пен өлім-жітім бойынша алдыңғы орында тұр. Дерт 50-ден 60 жасқа дейінгі әйелдерде жиі кездеседі. Елімізде сүт безі обырының алдын алу мақсатында 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер екі жылда бір рет омыраудың қатерлі ісігін анықтауға арналған скринингтен өтеді.
Облысқа танымал онкомаммолог Инна Чертищева әйелдерді осы скринингтік тексеруден өтуге үндеді.
Қыз-келіншектердің осы тексеруден міндетті түрде өтіп отыруы керек. Сіздердің отбасылық-амбулаториялық орталықта түсірген маммография қорытындысы бізге онкодиспансерге жіберіледі, оларды біздің рентгенологтар оқиды. Егер оларға бірдеңе күмәнді көрінсе, біз қосымша тексеруге шақырамыз. Мақсатты биопсия, ультрадыбыстық тексеру, ісіктің табиғатын тексеру үшін (қатерлі немесе қатерсіз екенін) трепан-биопсия алу сияқты тексерулер жүргізіледі. Содан кейін сіз толығымен тегін, мемлекет кепілдік берген ем ала аласыз, - деді Инна Леонидовна.