Өскеменнің құтқарушылары терезелерге қорғаныс құлыптарын орнатты
Күн жылынғалы балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеп тұр
Осыған алаңдаулы ШҚО ТЖД құтқарушылар тиісті алдын алу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласы ТЖБ және ШҚО ТЖД құтқарушылары жоғарғы қабаттағы пәтерлердегі көпбалалы отбасыларды жазатайым оқиғалардан сақтау үшін терезелерге қорғаныс құрылғылары орнатты.
Әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты пәтерлердің 9-қабатында көпбалалы отбасы тұрады. Бұл отбасының алты баласы бар. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау маңызды. Біз орнатқан арнайы құлыптар жазатайым оқиғалардан қорғайды және сенімді тосқауыл болады, - дейді Өскемен қаласы ТЖБ аға офицері Асылан Қапаев.
Қайғылы жағдайлар көбінесе ата-аналардың салғырттығынан орын алып жатады.
Қайғылы оқиғалардың басты себебі - балаларды қараусыз қалдыру, терезелерде қорғаныс құрылғыларының болмауы. Одан өзге, ата-аналар өздері балаларды терезеден далаға қарауға үйретеді, - дейді ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенко.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 телефоны бойынша құтқару қызметіне қоңырау шалу қажет.