Әскери қызметкерлер оқушыларға ерлік сабағын өткізді
Отан қорғаушылар күніне орайластырылған бұл кездесудің болашақ ұрпақ бойына ұлттық рух берудегі маңызы зор
ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Өскемен гарнизонының әскери прокуроры №38 және №49 мектеп оқушыларына ерлік сабағын өткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесудің мақсаты - өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, ұлттық рухты бойына сіңіру, Отан алдындағы борыш - ел азаматының міндеті екенін түсіндіру.
Өскелең ұрпақтың өз Отанына деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу бүгінгі күннің басты мақсаты. Жастарға жігер, қайрат беретін осындай шаралар еліміздің болашағы үшін ауадай қажет. Ерлік сабағында жастарға әрбір азаматтың Отан алдындағы міндеттерін түсіндірдік, – деді ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери-патриоттық жұмыс және ҚК ардагерлерімен жұмыс жасау қызметінің бастығы капитан Бауыржан Калиев.
Сабақ барысында ҚР Қарулы Күштерінің жетістіктері туралы баяндалды. Шараны ұйымдастырушылар сондай-ақ бабалардың ерліктері өскелең ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала беретінін жеткізді.
Жас ұрпақты тәрбиелеу біздің парызымыз. Биыл тәуелсіздігімізге 32 жыл толады. Енді осы тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, сақтап қалу болашақ жастар - біздің қолымызда екенін ұмытпаған жөн, - дейді Өскемен гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Есжан Сыбанбаев.
Жиында болашақ мамандығын әскери қызметпен байланыстырғысы келетіндер меймандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.
Мен мектепті бітіргеннен кейін әскери оқу орнына түскім келеді. Болашақ мамандығымды әскери іспен байланыстырсам деймін. Осындай кездесулер біз үшін өте маңызды, бізге таңсық дүниелер жайлы сұрап, көп нәрсені білдік, - деді "Жас құтқарушы" сыныбының оқушысы Қайрат Асанәлі.