ШҚО құтқарушылары түрлі халықтардың тілінде сәлемдесті
Қазақстан Халықтарының Бірлігі күні қарсаңында ШҚО ТЖД қызметкерлері арнайы челленд өткізді
Облыстың аудандық және қалалық бөлімшелеріндегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар әр түрлі халықтардың ұлттық костюмдерін киіп, түрлі тілдерде және ишара көрсету арқылы бір-біріне сәлем жолдады.
Челлендждің басты міндеті - ТЖ қызметінде жұмыс істейтіндердің алуан түрлілігі мен көпұлттылығын, сонымен бірге өңір халықтарының бірлігін көрсету. ШҚО ТЖД-да азаматтардың қауіпсіздігі үшін 8 ұлттың өкілдері жұмыс істейді: қазақ, орыс, украин, неміс, татар, ұйғыр, әзірбайжан, балғар. Бұл халықтардың әрқайсысы өзінше ерекше, бірақ олар бірге бір тату отбасы.
Шығыс Қазақстан гарнизоны қызметкерлері, ең алдымен, ұжымның бірлігі мен достығының, азаматтардың ұлттық және діни қатыстылығына қарамастан тағдыры үшін ортақ жауапкершілігінің арқасында бүгінгідей жетістіктерге жетіп отыр. Жыл басынан бері департамент қызметкерлері түрлі төтенше жағдайлар мен оқиғаларға 800-ден астам рет шықты, бұл ретте 64 адам құтқарылды, 106 азамат эвакуацияланды, - деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.