ШҚО-да ArtSport бағдарламасына 960 млн теңгеден астам қаржы бөлінді
Қазіргі таңда өңірде осы бағдарлама бойынша төрт мыңнан астам бала қамтылған
2023 жылға мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру бағдарламасын іске асыру үшін Шығыс Қазақстанның облыстық бюджетінен 963,4 млн теңге сомасында қаражат бөлінді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпаратына сүйеніп.
Платформада artsport.edu.kz мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру шеңберінде 155 спорт үйірмесінде 4 240 баланы қамти отырып, спорттың 18 түрі бойынша 31 кәсіпкер қызметін жүзеге асырады. Бұдан басқа, дене шынықтыру және спорт басқармасы 2022 жылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықты 288,6 мың адамға дейін қамтыды. Балалардың бұқаралық спортты дамыту үшін қосымша спорт секциялары ашылады. 2021-2022 жылдары бұқаралық спорт түрлері бойынша қосымша 1 505 тегін спорт секциясы ашылды, ал өткен жылы 38 спорт нысаны пайдалануға берілді, - деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жандос Сайханов.
Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар жандарға да жіті көңіл бөлінбек.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы жұмыс істейді. Клуб өз қызметін бірнеше бағытта жүзеге асырады – бұл Паралимпиадалық және сурдолимпиадалық қозғалыстар, спешиал олимпикс және иппотерапия. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық құрамасында Шығыс Қазақстаннан ерекше қажеттіліктері бар 42 спортшы бар, - деді Жандос Сайханов.