Қасқыр тістеп алса – қылмыс емес
Өскемендегі хайуанаттар бағында кішкентай қызды қасқыр тістеп алды
Полицейлер бұл жағдайда қандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін айтады.
Полиция мәліметінше, 11 наурызда кәмелетке толмаған бала хайуанаттар бағы орналасқан қалалық саябақта анасымен бірге серуендеп жүріп, қасқырлар тұрған қоршауға жақындап жыртқышты сипамақ болған. Қыз саусағын тордан өткізгенде қасқыр тістеп алған.
Жәбірленушінің ата-анасы зообақ қызметкерлері үстінен полицияға арыз жазған. Бірақ полиция оларға сотқа жүгінуге кеңес берген.
Өскемен қаласының Сол жағалау полиция бөліміне 34 жастағы әйел кәмелетке толмаған баласын қасқыр тістеп алған хайуанаттар бағының қызметкерлеріне шағымы барын айтып, арызданды, - деп, ақпаратты ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен растады.
Полицейлер бұл жағдайда қандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы байқалмайтынын атап өтті. Осыған байланысты арызданушыға сотқа жеке жүгіну ұсынылды.
Айта кететін жайт, саябақтың ішкі ережесі бойынша мұндай оқиғаларды болдырмау үшін кейбір әрекеттерге тыйым салу туралы ескертулері бар алдын ала әзірленген маңдайшалар ілінген: оның ішінде жануардың торына шықпау, оның торына қол кіргізбеу бар. Осы ережелерді сақтамау салдарынан осындай оқиға болған, - деді ШҚО ПД өкілдері.