ШҚО-да ауыл оқушыларына арналған олимпиадаға тіркелу басталды
"Мың бала" ұлттық зияткерлік олимпиадасына соңғы екі оқу жыл ішінде Қазақстанның ауыл мектептерінде білім алып жатқан 6-сынып оқушылары қатыса алады
Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу (1000bala.elumiti.kz сайтында) 30 наурызға дейін ашық, деп хабарлайды Устинка LIVE.
"Мың бала" олимпиадасының мақсаты - ауылдық жерлерде оқитын 6-сыныптың ең қабілетті 1000 оқушысын анықтап, оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектептерінде, "Білім-Инновация" лицейлерінде, "Дарын" мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік беру.
Биылғы қатысушылар үшін бірнеше жаңалығымыз бар. Алғашқысы, 2023 жылғы олимпиадаға тек 6-сынып оқушылары қатыса алады. Екіншісі, биыл мұғалімдер тіркеуден өтті, олимпиада қорытындысы бойынша оқушылары жеңімпаз атанған мұғалімдерге сертификат берілетін болады. Сондай-ақ, биыл сайтта өткен жылдағы тест тапсырмалары бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін https://ro.elumiti.kz/ сайт іске қосылды, - дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы Алима Ақылбекқызы.
"Мың бала" олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. I кезең 2023 жылдың сәуір айының 3-ші мен 7-сі аралығында өтеді. Бұл кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмалардан тұрады. Тестілеу онлайн-форматта өткізіледі. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған бес мың оқушы олимпиаданың ІІ кезеңіне өтеді.
Олимпиаданың II кезеңі 2023 жылғы сәуір айының 26 мен 28 аралығында өңірлік тестілеу орталықтарында күндізгі форматта өтетін болады. Қатысушылар II кезеңде математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі (орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өтуі қажет.
Жалпы еліміз бойынша олипиада өткен үш жыл ішінде оған ауыл мектептерінен 580 мыңнан астам оқушы қатысты. Үш жыл ішінде олимпиаданың 3000 жеңімпазы анықталды, оның 960-ы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданса, тағы 5000-ға жуық бала онлайн қосымша білім алуда.
Үш оқу жылында "Мың бала" ұлттық зияткерлік олимпиадасын өткізу басталғаннан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша ауылдық жерлердегі мектептердің 5-6 сыныптарының 21 291 оқушысы қатысып, 541 оқушы финалист болып, оның 89-ы жеңімпаз атанды. Ауылдық жерлердің 6 сыныпта оқитын 34 жеңімпаз оқушылары облыстық мамандандырылған және республикалық мектептерге түсті, - дейді Алима Ақылбекқызы.