ШҚО-да "Күміс жас" атты әлеуметтік жоба қолға алынды
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана мен "Әлеуметтік қызметкерлер волонтерлері қауымдастығы" ҚБ бірлесіп, "Күміс жас" атты әлеуметтік жобаны қолға алып отыр
Халықтың тез қартаюы – әлемдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып барады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2015 жылы жер бетінде 46 млн-нан астам адам деменцияға (ойлау қабілетін бұзатын ауру) шалдыққан. 2017 жылы – 50 млн болса, 2050 жылы мұндай адамдар саны – 130 млн-ға жетеді деп болжануда.
Қартайып бара жатқан азаматтар когнитивті денсаулығына көп қарамайды. Қараған кезде де әлеуметтік оңалтуды емес, медициналық көмекті қолданады. Жаһан ғалымдары деменцияға қарсы ем-дом іздестіріп жатыр, әзірге тиімді препараттар жасалмаған. Сондықтан әлі күнге дейін деменция емделмейтін дегенеративті ауру болып саналады. Десе де әлемде күміс жастағы адамдарға ақыл-ойды ұзаққа сақтауға көмектесетін әлеуметтік әдіс-тәсілдердің үлкен тәжірибесі бар. Соған сүйеніп Өскеменде осындай жоба бастап отырмыз, – дейді жоба тізгінін ұстаған "Әлеуметтік қызметкерлер волонтерлері қауымдастығы" ҚБ төрағасы Кульчария Коккозева.
Қалалық кітапханада өткен "Мидың жастығы саусақтардың ұшында" атты алғашқы сабаққа 12 адам келді. Олар қағаздан модельдау жасап, сананы сергітіп, қол мен саусақты жаттықтырды.
Біздің жоба бойынша әр адам қалаған терапия түрін таңдап, оны хоббиге айналдыруға ынталанады. Ал хобби күміс жастағы адамдардың когнитивті функцияларын жақсартып, жалғызсырау, қобалжу сезімдерін төмендетеді, көңіл-күйін көтереді.Ниет білдірушілерді әр аптаның бейсенбі күні сағат 15.00-де күтеміз! - дейді Кульчария Коккозева.