ШҚО-да бір айда 50 рет өрт шыққан
Мамандар олардың көбі азаматтардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан екенін айтады
Ағымдағы жылдың қаңтар айында тілсіз жау 3 адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйеніп.
Статистика бйоынша, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан 16 жағдай, электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі салғырттықтан 15 жағдай, абайсыздық салдарынан 9 жағдай тіркелген.
Жағдайды тұрақтандыру үшін құтқарушылар тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізіп, үйлерге барып, иелеріне өрттің алдын алу туралы нұсқаулық береді. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бастап 16 549 рейд жүргізілді, соның нәтижесінде 27096 адам ақпараттандырылды. Ал жылыту кезеңі басталғаннан бері 218 628 тұрғынды қамти отырып, 163 996 рейд жүргізілді. Осы рейдтердің нәтижесінде үйлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша 42 820 факт тіркелді, - деп атап өтті ШҚО ТЖД МӨББ басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Өңірде аяздың беті қайтқан жоқ. Сондықтан ШҚО ТЖД мамандары температура төмендеген сайын тұрмыста өрт шығу қаупі артатынын еске салады.
Өрт кезінде 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет.