Әскери қызметшілерге түрмедегі тәртіпті көрсетті
Өскемен гарнизонының әскери қызметшілері түзету мекемесінде болды
Шараның мақсаты – ҚР Қарулы күштерінде қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, оларды сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдарымен таныстыру, деп хабарлайды Устинка LIVE Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Мекеме басшысы әскери қызметшілерді темір торға тоғытылғандардың бүгінгі жай-күйімен, қазіргі таңдағы изолятордың жұмыс барысымен таныстырды.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде тұрақты түрде қылмыстық және сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында Өскемен гарнизонының әскери қызметшілеріне осындай экскурсия ұйымдастырамыз. Басты мақсат әскерилер арасында жымқыру, мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу, билікті теріс және асыра пайдалану әрекеттерін болдырмау. Қылмыстың өтеуі-жаза екенін саналарына сіңіру, - дейді Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімі алдын алу бөлімшесінің бастығы әділет капитаны Дидар Ибраев.
Мекеме мамандары әскерилерге тергеу кабинеттерін, жатын орындарды, асхананы, серуендеу алаңдарын және кездесу бөлмелерін көрсетті.