"ЦОН-нанмын" деп хабарласатын алаяқтар көбейген
Шығыс Қазақстан облысы бойынша соңғы айда азаматтарға "халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімін" деп қоңырау шалатын алаяқтар көбейген
Олар несиелік қарызды өтеуді талап етіп, азаматтарға қатысты жеке ақпараттарын сұрап, шоттарының бұғатталатынын айтып қорқытады екен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Осыған байланысты "Азаматтарға арналған үкімет" мекемесі өз қызметкерлерінің ешқашан тұрғындарға қоңырау шалмайтынын, борышкерлердің мәліметтер базасы оларға қолжетімде емес екенін және коллекторлық компаниялардың жұмысына араласпайтынын еске салады.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен көрсетілетін қызметті алушылардың арасындағы кез келген байланыс тек 1414 нөміріне SMS хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырылады. Онда азаматтарға қолжетімді бронь, құжаттардың қолданылу мерзімі, берілген күні немесе композиттік қызметтерге сұраныстар туралы хабар таратылады, - деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Мемлекеттік корпорация азаматтардан қырағы болып, өзінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге қатаң кеңес береді. Мұндай алаяқтық әрекеттерден зардап шеккендер құқық қорғау органдарына жүгіуі қажет.