Өскемен тұрғыны тездетіп баспана аламын деп ақшасынан айырылды
Баспана алуға көмектесемін желеумен 7 млн теңгені қалтасына басып, ізім-ғайып жоғалған
Өскемен қаласының тұрғыны бірнеше адамға көмектеспек ниет танытып, алдап ақшаларын алған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
Өскемен қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімінің кезекші бөліміне 34 жастағы азамат жүгінген. Ол пәтерді тез сатып алуға көмектесуге уәде берген бейтаныс әйелге алданып қалғанын айтқан, - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. - Өз қызметі үшін ол жәбірленушіден 7 000 000 теңге қаражат алған. Алайда ер адам бұдан кейін баспананы да, ақшаны да, әлгі әйелдің өзін де таппай қалған.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері 57 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Ол алаяқтық жасағанын мойындаған. Қазіргі уақытта ол түзету мекемесінде екені анықталды. Оның осыған ұқсас тағы екі алаяқтыққа қатысы бар екені белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-ның 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.