Көлікті аулада бейберекет қойғандар айыппұл арқалайды
Құтқару қызметтерінің техникасы келгенде аулада кедергі келтіріп тұрған көліктерді тіпті эвакуатормен айып тұрағына алып кетулері мүмкін
ШҚО өрт сөндірушілер мен полиция арнайы рейд жүргізуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мереке қарсаңында төтенше жағдайлар мен өрт оқиғалары жиі орын алады. Сондай кезде құтқарушылар жедел әрекет етуі керек. Бірақ көп жағдайда көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына қойылған шлагбаумдар мен жолды жауып бейберекет қойылған көліктер өрт сөндіру көліктеріне діттеген жерге жетуіне кедергі келтіріп, жұмысты қиындатады.
Осы орайда мереке қарсаңында полиция мен өрт сөндірушілер аулаларда арнайы рейдтер жүргізіп жүр.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексінің 597-бабына сәйкес көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою қағидаларын бұзу 5 АЕК мөлшерінде, 2, 3-бөліктері бойынша 10 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады, - деп ескертті Өскемен қаласы полиция батальоны полиция басқармасының инспекторы Арман Алтаев. - Егер көлік құралының иесі арнайы қызметтер келген кезде жауап бермесе және олардың қызметіне кедергі келтірсе, полиция қызметкерлері эвакуаторды қолдануға және құқық бұзушының көлігін айыппұл тұрағына жеткізіп алып тастауға құқылы.