ШҚО-да көшкін жүру қаупі бар кезең басталды
Бұл кезең әдетте қарашадан сәуір айына дейін жалғасады
Облыс аумағында 497 қар көшкіні қаупі бар орын тіркелген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның ішінде 325-і 71 объектіге қауіп төндіреді (олар: 44 тұрғын үй, 93 км автокөлік жолдары, оның 15 км - республикалық маңызы бар жолдар, 78 км - облыстық маңызы бар жолдар).
ШҚО ТЖД ақпаратына сүйенсек, өңірдегі ең қауіпті бағыттар Өскемен-Самар 95-102, 132-137 км, Өскемен-Таулы Үлбі 30-37 км, Өскемен-Северное-Серебрянск 58-65 км.
Ал өңірдегі 5 демалыс базасы көшкін жүру қаупі бар аймақта орналасқан. Мысалы, олардың екуеі Риддер қаласында, үшеуі Таулы Үлбіде орналасқан.
Жазғы кезеңде Алтай ауданында және Катонқарағай ауданында 70 дана көлемінде қар ұстайтын қалқандар жөнделіп, қалпына келтірілді. 2022-2023 жылдарға арналған қар көшкіні қаупі бар кезеңге облыстың халық қауіпсіздігі мен инфрақұрылымын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда, оның ішінде көшкін қаупі бар 20 учаскілерінде «Абайлаңыз көшкін қаупі бар учаскесі» 40 дана көлемінде ақпараттық ескерту қалқандары орнатылды. Көшкін қаупі бар аудандардың әкімдіктерін, объектілері мен құрылыстары көшкін қаупі бар аймақтарда орналасқан ұйымдардың басшылары мен жеке үй иелерін хабардар ету тұрақты негізде жүргізіледі, - деп түсіндірді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.
Облыстың таулы аудандарында көшкін қаупі сақталады. ШҚО ТЖД тауда демалғанды ұнататын әуесқойларға сақтық шараларын ұмытпауды ескертеді.
Тауға шығар алдында ауа райы болжамымен танысыңыз және барлық қажетті жабдықтарды, құрылғыларды, жылы киімдерді, азық-түліктерді және тауда қажет заттың барлығын алыңыз, - деп атап өтті ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дина Бексұлтанова.
Қар көшкіні адамның шуы мен айқайынан шығуы мүмкін.
Егер сіз адамның қар көшкінінде қалуына куә болсаңыз, келесі әрекеттерді орындаңыз:
- адамды соңғы рет көрген жерді есте сақтаңыз және сол жерді белгілеңіз. Құтқарушыларды шақырыңыз
- қар көшкінінің қозғалысы бойынша жоғалған адамды төменгі жағынан іздеңіз
- оны тапқаннан кейін, ең алдымен, басын босатыңыз, аузын және тыныс жолдарын тазалаңыз
- жүректің тоқтау белгілері болған кезде реанимациялық шараларға кірісіңіз
Тауға шықпас бұрын көшкін қаупі туралы дауыл туралы ескерту бар-жоғын тексеріңіз. Мұны тегін «Дармен» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы жасауға болады.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.