ШҚО-да 20 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық тәркіленді
Тарбағатай ауданындағы тасжол бойында тоқтатылған көліктен табылған 20 тонна балықтың тиісті құжаттары болмаған
Бұл туралы ШҚО ПД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында 20 қазаннан бастап «Браконьер» жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шараға жергілікті полиция қызметі, көші-қон және криминалдық полицияның күштері, сондай-ақ ШҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының "Орман және аңшылық шаруашылығына жедел ден қою жасағы" КММ инспекторлары жұмылдырылған.
25 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының аумағында "Омбы–Майқапшағай" тасжолының 29-шы шақырымында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Өскемен қаласының 58 жастағы тұрғынының басқаруындағы жүк көлігін тоқтатқан. Ол рұқсат құжаттарынсыз 20 тоннаға жуық көксерке балығы мен табан балықты тасымалдаған. Келтірілген жалпы шығын 116 миллион теңгеден асады.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-ның 335-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бапта 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, - деп атап өтті ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.