Oskemenbus қосымшасында қоғамдық көлік қызметіне шағым қалдыруға болады
Өскемен қаласының тұрғындарына арналған Oskemenbus қосымшасы жаңартылып, кері байланыс орнату мүмкіндігі пайда болды
Яғни, жолаушылар қоғамдық көлік қызметіне шағымы немесе ескертулері болса, осы функция арқасында "Өскемен қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы" ЖШС-на жүгіне алады.
Ол үшін қолданбаның негізгі мәзіріне өтіп, "Мәселе туралы хабарлау" бөлімін таңдау керек. Әрі қарай мәселенің түрін таңдап, өтінішіңізді сипаттауыңыз керек. Сондай-ақ, өтінішпен бірге, фотосуреттерді де қоса жібере аласыз. Жауап Сіз көрсеткен электрондық поштаға келеді.
Мобильді қосымша тұрақты жұмыс істей бастады: әзірлеушілер өнімділік пен жұмыс жылдамдығын жақсартты, кішігірім қателерді түзетіп, мәліметтер базасынан ақпаратты жүктеуді оңтайландырды. Қала тұрғындарының сұраныстарына сүйене отырып, мобильді қосымшаны одан әрі жақсартатын боламыз, - деді "Өскемен қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы" ЖШС директоры Нұрсұлтан Карибеков.
Oskemenbus мобильді қосымшасы - Өскеменде 2020 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан электрондық билеттеу жүйесінің бөлігі. Осы уақыт ішінде қосымшаны қаланың 100 мыңнан астам тұрғыны жүктеді.