Өскемендік банк қызметкері танысын алдып, 11 млн теңгесін жымқырған
Баспана алмақшы болған облыс орталығының тұрғыны танысының сөзіне сеніп, 11 млн теңгесін ұстатып жіберген
Бірақ уәде етілген үй де жоқ, ақшадан да айырылғанын сезген ол полицияға арызданған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 102 жедел арнасына 35 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Ер адам тұрғын үй сатып аламын деп алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді.
Белгілі болғандай, жәбірленушіні әңгімеге тартқан танысы 50/50 деген бағдарлама бойынша пәтер сатып алуға көмектесе алатындығын айтқан. Бұған сенген азамат оған 11 650 000 теңге берген. Алайда айласын асырған алаяқ үйді де алып бермеген, ақшасын да қайтармаған, - делінген ақпаратта.
Тәртіп сақшылары қысқа уақыт ішінде күдіктіні ұстады. Жауап алу кезінде банкте жұмыс істейтін 37 жастағы ер адам өз кінәсін мойындаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-ның 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, онда ол үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.