Өскемендегі дәмханалардың бірінен өрт шықты
Өрт сөндіру қызметі дереу жетті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ
Өскемен қаласының "101" қызметіне Мыза көшесіндегі дәмханадан 14 сағат 42 минут шамасында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Оқиға орнына жедел келген ШҚО ТЖД бөлімше мамандары түтін сору жүйесінде май қалдықтары жанып жатқанын анықтады. Өрт 3 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаумен күрес жұмыстарына барлығы 4 бірлік техника мен жеке құрамның 15 адамы тартылды, - деп мәлімдеді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
ШҚО ТЖД нысан иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді. Бастапқы өрт сөндіру құралдары, жарамды автоматты өрт дабылы болуы керек. Ешқандай жағдайда жанғыш материалдарды жертөлелерде, шатырларда және эвакуациялық жолдарда сақтауға болмайды.