Өскемен қаласында құмай тазылар жарысы өтті
Шығысқазақстандық қазақы құмай тазылар бірінші рет шырға тартудан республикалық "Асыл қазына" федерациясының кубогіне қатыспақ
Күні кеше Өскемен қаласында осы жарысқа іріктеу өтіп, Шығыс Қазақстанның атынан баратын тазы белгілі болды.
Жарысқа 35 тазы қатысып, 1000 метр қашықтыққа жарысты.
Тазылар жеребе арқылы топ-топқа бөлінді: үлкен иттер 5 топқа, күшіктер 1 топқа. 6 жүгіріс болды. Жарыс жақсы өтті. Дегенмен иттердің көбінің тәжірибесі аз, жүгірмей жатты, - дейді жарысты ұйымдастырушы Мансұр Қанатбекұлы.
9 қазан күні Астана қаласында өтетін республикалық жарысқа жүйрік шыққан "Көкқасқа" барады.
Бұл осы жарыстың басы-қасында жүрген Мансұрдың иті. Ол соңғы 6 жылда тазы баптау ісін жақсылап қолға алған. Қазір қолында алты иті бар.
Мен құмай тазыны 2016 жылдың күзінен бас-тап асырадым. Тазыны ағаларымның асырағанын көріп қызығушылығым оянды. Аңшылық, саятшылық қазақтың қанында бар дүние ғой. Жалпы тазының басты қасиеттерінің бірі ол өте текті, таза болып келеді. Таза дейтін себебім, бұлардың жаздыгүні асыр салып ойнайтыны бар. Жүгіріп ойнағанының өзі олардың спортшылар сынды жаттығу жасағаны. Сондайда үсті-басы шаң болады. Басқа иттерден ерекшелігі - бұдан соң ауыл маңындағы ағынды суға барып шомылып келеді. Одан кейін бірнеше сағат денесі кепкенше жерге жатпайды, - дейді Мансұр Қанатбекұлы.
Жалпы, сан ғасырлар бойы табиғи сұрыптаудан өткен, аң аулаудың сан түрлі тәсілін меңгерген "тазы" сөзі негізінде "таза" сөзінен шыққан. Яғни, қаны таза, тұқымы былғанбаған алғыр аңшылық иті. Болмысы бөлек жануар қазақ даласына үйлескен өзіне ғана тән сұлулығы мен жинақы дене бітіміне қарай басқа иттерден ерекшеленеді. Сымбатына сай алғырлығы, жыртқыштан сескенбейтін қылығы тағы бар.