Қай өңірдің оқушыларына мектепте тегін тамақ беріледі?
1-4-сыныпта оқитын 607 мыңнан астам оқушы (41%) тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген
Еліміздегі бастауыш сынып оқушыларын толықтай тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жыл сайын бюджеттен 150 млрд теңге керек болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап беру кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
1-4-сыныпта оқитын 607 мыңнан астам оқушы (41%) тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 100 пайыз деңгейде Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау облыстарының бірінші сынып оқушылары қамтылған.
Ал биыл қыркүйек айынан бастап Алматыда 1-4-ші сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, әр оқушыны тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесін шешу кезең-кезеңімен іске асырылады. Бастауыш сыныптардағы 1,5 млн баланы 100 пайыз бір реттік тамақтандырумен қамту үшін жыл сайын қосымша 150 млрд теңге керек болады. Ал 1-11-ші сынып оқушыларын қамтуға жылда қосымша 380 млрд теңгеден астам қажет.