ШҚО-да түрмеге дронмен смартфон, есірткі кіргізбек болған
Колонияның қызметкерлері жақын маңдағы бұзылған ғимарат ішінен смартфондары бар дронды және скотчпен оралған түйіншекті тауып алған
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ОВ 156/20 колониясының қызметкерлері тыйым салынған заттарды колония маңындағы бұзылған ғимараттың ішінен тауып алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Тәртіп бұзушылар колония жанындағы қараусыз қалған ғимаратқа тығылып, мекеме аумағына дронның көмегімен тыйым салынған заттарды тастауға дайындалғанын мәлімдеді ШҚО ҚАЖД баспасөз қызметі.
Алайда қызметкерлерді байқаған тәртіп бұзушылар өз аппараттарын алуға үлгермей қашып үлгерген.
Аталған факті бойынша Өскемен қаласының полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Түйіншекті ашу кезінде есірткіге ұқсас зат табылған. Сондай-ақ, екі смартфон және басқару пульті бар дрон табылды. Сараптама тағайындалды.