ШҚО-да күн жылынғалы бері 48 орман өрті тіркелген
48 орман өртінде 1 958,1 гектар алқап жойылса, 1 дала өрті 1 348,8 га аумақты шарпыған
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Анастасия Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өрт қауіпті кезеңінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге өңірде Азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері және ЖАО қатарынан 270 адамнан тұратын 46 бірлескен мобильді топ құрылды, - деді Анастасия Скляр. - 546 рейдтік іс-шара жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 37 жағдайы анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 336-бабы бойынша 8 әкімшілік материал және 410-бабы 1-бөлігі бойынша 29 іс қозғалды және қаралды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерімен 115 дөңгелек үстел өткізілді, 15292 адамға өрт қауіпсіздігі ережелері үйретілді.
Егістік жинау және жем-шөп дайындау кезеңінде тұрақты негізде ауыл шаруашылығы өндірушілері мен шаруа қожалықтарына өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар, ауыл шаруашылығы техникасының техникалық жай-күйі, алғашқы өрт сөндіру құралдарының, сондай-ақ өрт сөндіргіш құрал-жабдықтарының бар-жоғы тұрғысынан қарап-тексеру жүргізіліп отырады.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қарастырылған 41 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Ондағы жұмыс күшінің құрамы 51 адам және 43 техниканы қамтиды. Ал облыстың ауылдық елді мекендерін толықтай қамту үшін тағы да 10 өрт сөндіру бекетін құру қажет. Аталған бекеттерді құру 28 мыңға жуық адамды қамтитын 25 елді мекенді өрттен қорғауға мүмкіндік бермек.