Дала өрті көбейгендіктен тағы 10 өрт сөндіру бекетін құру қажет
Облыстағы жылыту маусымына дайындық, өңірде өрт сөндіру бекеттерін құру, газ жабдығының және сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтаудың жай-күйі, объектілердің қауіпсіз реагенттерге көшу мәселесі талқыланды
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин атап өткендей, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 449 өрт тіркелген, оның ішінде 306-ы тұрғын үй секторында (2021 жылы – 347, 11%-ға төмендеген), жеке тұрғын үй секторы аумағында өрттер нәтижесінде қаза тапқандар саны 13 адамды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 31%-ға аз (2021 жылы-347, 11%-ға төмендеген).
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бері улы газдан 9 адам зардап шекті, өрт туындамай улы газдан қаза тапқан адамдардың саны 8 есеге артып, 8 адамды құрады (2021-1). Өрт туындамай улы газбен уланудан қаза болғандардың саны келесі өңірлерде тіркелді: Өскемен қаласында және Катонқарағай, Шемонаиха және Ұлан аудандарында, - деп атап өтті Серік Амангелдин.
Қазіргі уақытта ШҚО ТЖ Департаменті жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастады. Жұмыстың негізгі бағыты өрттердің, адамдардың, оның ішінде жеке тұрғын үйлерде тұратын халықтың әлеуметтік осал топтары арасында қаза болу тәуекелдерінің алдын алуға және төмендетуге бағытталған. Халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 3724 тұрғын үйді ШҚО ТЖД мамандары ерекше назарға алды. Глубокое, Шемонаиха, Зайсан, Ұлан, Катонқарағай аудандарында улы газ датчиктерін сатып алу бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмыста оң динамика байқалғанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, тексеру барысында облыс бойынша 5518 өрт гидранттарының 1442-сі немесе 26%-ы ақаулы, оның ішінде 285 ПГ табылмағаны (бөлшектелген, оралған және көмілген) анықталды. 499 өрт сөндіру су қоймаларының 88-і ақаулы, бұл жалпы санының 17,6%-ын құрайды. Облыс бойынша 433 өрт гидранты жоғалған, облыстың 17 объектісі ақауы бар ӨГ-мен пайдаланылады. Жол берілген бұзушылықтар үшін ҚР ӘҚБК 410-бабы бойынша 11 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 10 ескерту түрінде және біреуі 43 755 теңге айыппұл түрінде. ҚР ӘҚБК 359-бабы бойынша ("су шаруашылығы құрылыстарын, құрылғыларын және сумен жабдықтаудың өртке қарсы жүйелерін бүлдіру, оларды пайдалану қағидаларын бұзу")айыппұл түрінде шаруашылық-ауыз сумен және өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын 4 ұйым тартылды, - деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары.
Облыста дала шөбінің жануымен күресу үшін қажетті өрт сөндіру бекеттерін құру мәселесі өткір тұр. Бүгінгі күні тек 34 бекет жұмыс істейді, 5 бекетте техника ақаулы, 2 бекетте штат жоқ. Бүгінгі күні облыстың ауылдық елді мекендерін толық қамту үшін тағы 10 өрт сөндіру бекетін құру талап етіледі.