Шығыс Қазақстан өнер музейінде бір ай бойы сурет көрмесі өтеді
"Суреттер сөйлейді" және "Алтай ажары" көрмесі Құдаш Нұрсадықовтың есімімен сабақтас
Қым-қуыт қаланың тірлігі шаршатқанда ауылды аңсайсың... Қызмет бабымен жүрген қала адамының ауылға барып келуге мүмкіндігі бола бермесі анық. Осындайда бой сергітпесеңіз де бір уақыт ой сергітіп алуға болатын тамаша тәсіл айтайын ба? Суреттер көрмесіне барыңыз. Шығыс Қазақстан өнер музейінде жерлес қылқалам шеберлерінің ауыл, балалық, шығыстың тұмса табиғатынан шабыттанған суреттер көрмесі өтіп жатыр. Көрме 11 қыркүйекке дейін ашық.
Бірер күн бұрын суретші, ұстаз Құдаш Нұрсадықовтың есімімен сабақтас екі көрменің тұсаукесері өткен еді. «Суреттер сөйлейді» жеке көрмесісуретшінің 60 жылдық мерейтойына арналса, «Алтай ажары» ұжымдық көрмесінде «Жаңғыру» суретшілер шығармашылық бірлестігінің туындылары қойылған. Бұндағы туындылар жайлы сөзбен айту мүмкін емес, көзбен көріп, сезіну керек.
Көрмеге шығыстың белгілі тұлғалары мен суретшінің жақындарының портреттік, өз туған жерінің пейзаждық картиналары қойылған. Барлығы 40 жұмысы тұр.
Көрмеге қойылған портреттік туындылар арасында танымал тұлғалардың суреттері бар. Мәселен, музей қорындағы тамаша туындыларының бірі - Кәлек Құмақайұлы портреті. Бүгінде 90-ды алқымдаған Кәлек Құмақайұлы Моңғолиядан келген, Шығыс Қазақстанға сыбызғы аспабын дәріптеген тұлға. Қазіргі таңда Ұлан ауданында тұрады, - дейді әр туындының тарихынан жіті хабардар музейдің экскурсиялық көрме секторының маманы Сыйлық Кәшей. - Жазушы, сыншы, драматург, Катонқарағайдың тумасы Қалихан Ысқақ; еліміздің атын әлемге танытқан спортшы жерлесіміз Ольга Рыпакова сынды танымал тұлғалармен қатар, Құдаш Нұрсадықовтың жақындарының да портреттері көрмеден орын алып, келушілерге ерекше әсер сыйлап тұр.
Өйткені расымен де суреттер сөйлеп тұр. Осы кіші залдағы портреттердегі жылылық ерекше. Кимешек киген, нан салып жатқан, сүт тартып отырған, бата беріп тұрған ана образдары, үй салып жатқан немерелер, ауыл... бәрі-бәрі қазаққа жақын көріністер.
Құдаш Нұрсадықов тек тамаша суретші ғана емес, прозашы деуге де болады. Себебі өмір жолы, бала кезінен келе жатқан армандары, естеліктері ретінде жазылған прозалары да керемет. Жалпы сегіз қырлы, бір сырлы азамат – домбыра тартады, ақындығы да жоқ емес, - деп суретшінің өзге де қырларын атап өтті экскурсиялық көрме секторының маманы Сыйлық Кәшей.
Шығыстағы жас суретшілерге қолау көрсету, біріктіру мақсатында аға суретшілер «Жаңғыру» суретшілер шығармашылық бірлестігін құрған. Оған 40-қа жуық қылқалам шебері мүше. Он шақты автордың жұмысы осы көрмеге қатысып отыр.
«Алтай ажары» экспозициясы бірлестіктің үш жылдық жұмысының өзіндік нәтижесі болып табылады, суретшілер Өскемен қаласының маңында үнемі ұжымдық пленэрлер өткізеді. ШҚО өнер музейінің конкурстық жобаларына да қатысу жақсы дәстүрге айналған. Көрмеде ұсынылған пейзаж жанрында Алтайдың таңғажайып алуан табиғатының таныс бейнелері көрерменге жол тартты.
Көрмеге қатысушылардың әрқайсысының кәсіби білімі бар. Рада Бейсенова Алматы көркемсурет техникумын бітірген. Гүлнар Бекбердинова, Қуаныш Әділбек, Еркебұлан Жәкішев және Ержан Тұрғанбаев – Семей педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің түлектері, Әділет Ниязбеков пен Есбол Нұрсадықов – сәулетші, Алдабергенов Данияр – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Мәди Қайырхан Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде бейнелеу өнері мамандығы бойынша білім алған.