Күзгі әскерге шақыртуға дайындық басталды
Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде 2022 жылғы күзгі әскерге шақыру алдындағы әскерге шақырушыларды зерделеу жұмыстары жүріп жатыр
Көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталысымен Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің жеке құрамы биылғы жылдың күзінде әскер қатарына шақырылатын 18 бен 27 жас аралығындағы бозбалалар және олардың ата-аналарымен жеке әңгімелесу жүргізіп, зерделеу парақтарын толтыруда.
Алдын ала зерделеу жұмыстары әскердің қандай да бір түрлері мен тектерінде әскери қызмет өткеруге дайын әскерге шақырылушылардың сапалық құрамын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зерделеу барысында олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі.
Қазіргі таңда жеке әңгімелесу барысында жастардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, жалпы білім беру және арнайы дайындығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Бүгінде жергілікті басқару және Ішкі істер, денсаулық сақтау қызметінің өкілдерімен және халықты әлеуметтік қорғау органдарымен тығыз жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің жеке зерделеу жұмыстарында әскерге шақырылатындардың арасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар немесе тергеуде жүргендер, дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрғаны жайында бар-жоғын білуді басты назарда ұстауда.
Отан алдындағы борышын өтуге ниет білдірушілер саны аз емес. Жас жігіттер саналы түрде, әскерлердің белгілі бір түріне қызмет етуге үлкен ықыласпен келуде. Мысалы, десанттық-шабуылдау әскерлерінде немесе теңіз жаяу әскерлерінде қызмет атқаруға ниет білдірушілер көп. Бізге негізінен мықты, жігерлі жастар келеді", – деді Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің жасақтау қызметінің бастығы майор Ерболсын Оралбаев.
Мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет, көктемде және күзде өткізілетінін айта кету керек. Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.