Мемлекеттік инспектор ШҚО-дағы ауыз су сапасын тексерді
Ағымдағы жылдың 26 маусымы мен 1 шілдесі аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Балдырған Айтқожин жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын аралады
Мемлекеттік инспектор халық тұтынатын ауызсу сапасы мәселелеріне назар аудара отырып, Бородулиха, Ұлан, Катонқарағай, Алтай аудандары, Өскемен, Семей және Курчатов қалалары аумағында су құбыры желілері мен құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлады ШҚО СЭБД баспасөз қызметі.
Осы мәселеге көмек көрсетуде аумақтық басқармалардың мамандары жұмыс сапары бағдарламасына енгізілген елді мекендерде: Ұлан ауданының Герасимовка ауылында, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын және Солоновка ауылдарында, Алтай ауданының Феклистовка ауылында, Өскемен қаласының Октябрь су тоғанында және Семей қаласының Шығыс кентінің ауызсу сапасының микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштеріне сынамалар алынды.
Су жинау ұңғымаларынан және тарату желісінен зерттелген 25 ауызсу сынамалары микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келді.
Ағымдағы жылы облыс аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақты, ауызсуды пайдалануға байланысты топтық аурулар тіркелмегенін атап өту қажет. Соңғы жылдар ішінде су факторымен жұқпалы ауру халық арасында тіркелген жоқ.