ШҚО-дағы дүкен сөрелерінен халық өміріне қауіпті азық-түлік анықталған
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 944 өнімнен сынама алған, оның 144-і техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейді
Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстың сауда желілерінде сатылатын өнімнің қауіпсіздігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Мәселен, 2022 жылдың 6 айында 944 тамақ өнімінің сынамасына іріктеу жүргізілді, оның ішінде 144 сынама (15,2%) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді, сәйкессіздіктердің негізгі үлесі импорттық өнімге тиесілі – 89 сынама (61,9%).
32 сынама халықтың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті деп танылды, оның ішінде 13 сынаманың жарамдылық мерзімі өткен, 4 сынама микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді. Жарамдылық мерзімі өткен немесе микроорганизмдер себілген өнімдерді пайдалану тамақтан улануға әкеп соғуы мүмкін, тіпті адам өмірі үшін аса қауіпті, - деп хабарлады ШҚО СЭБД баспасөз қызметі. - Іріктеуге алынған өнімдердің 82,6%-ы (119 сынама) таңбалау талаптарын бұзған: онда сақтау шарттары, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі туралы ақпарат көрсетілмеген. Бұл фактілер сатылатын өнімнің қауіптілігін көрсетеді.
Тамақ өнімдерін өткізушілерге, өндірушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілген. Нәтижесінде 120 ұйғарым беріліп, 72,3 кг тамақ өнімі дүкен сөрелерінен алынып тасталды.
Өнімнің сәйкестігін растайтын "сұр" және жалған құжаттарды (декларациялар) анықтау бойынша жұмыс жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 2 декларацияның қолданысы тоқтатылды және 4 декларацияның қолданысы сәйкестік расталғанға дейін уақытша тоқтатылды.
Сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алғанда өнімнің дайындалған күніне және жарамдылық мерзіміне, сыртқы түріне, түсіне, иісіне, консистенциясына, қаптаманың тұтастығына, өнімнің қандай жағдайда сақталатынына (тез бұзылатын өнімдер белгілі бір температуралық сақтау режимдерін талап етеді) назар аударыңыз. Сақтау шарттары сақталмаған стихиялық сауда орындарында азық-түлік сатып алуға болмайды, - деп ескертеді ШҚО СЭБД. - Егер сізге сауда орындарында немесе қоғамдық тамақтану желісінде сапасыз өнім сатса, Департамент облыстың аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жазбаша жүгінуге кеңес береді.