ШҚО-дағы қос ауданда жаңа екі мешіт бой көтерді
Шығыс Қазақстанда өткен аптада екі бірдей мешіт жамағат үшін есігін айқара ашты. Олардың бірі Ұлан ауданындағы Баяш Өтепов ауылында бой көтерсе, енді бірі Катонқарағай ауданындағы Ақсу ауылында салынды
Көк күмбезі көк тіреген Алланың жердегі үйінің бірінің құрылысы бір жыл бұрын басталған екен. Алайда қолдың қысқалығынан мешіт уақтылы пайдалануға берілмеді. Жалпы екі мешітті де ауыл тұрғындары өз күштерімен тұрғызған. Мешітке қажетті құрылыс материалдарына да тұрғындар ақша жинап, ал оның құрылысына ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай атсалысқан. Тек Ақсу ауылынан бой көтерген мешіттің құрылысына осы елді мекенде туып-өскен жеке кәсіпкер Азамат Темірғалиев көмек қолын созған. Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек қажы Мұқатай арнайы келген.
Осы мешіттің басы-қасында жүріп, сауапқа ие болған азаматтарды, ақсулықтарды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаймын. Елім дейтін ерлер көп болса, әлі талай жаңа мешіттің ашылу салтанатына куә боламыз, - дейді аудан әкімі Ділдар Қалиқан.
Екінші ашылған Ұлан ауданы Баяш Өтепов ауылындағы жаңа мешітке "Байшы" атауы берілді.
Бүгін ежелден жері берекелі, елі мерекелі Ұлан ауданында көрікті жаңа мешіт ел игілігіне беріліп отыр. Бұл игі іс халық үшін, ел-жұрт үшін үлкен мәртебе. Бұдан былай ауыл халқы өз мешіттерінде намаз өтеп, жұма оқып, дәріс алып, имандылық жолында тәлім алады. Бұл осы халықтың тілеуінің арқасы. Мен сіздерге ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің сәлемін жеткізіп отырмын, - деді Ұландағы қуанышқа да келген Ермек қажы Мұқатай.