Газ Қытайға да беріледі, Зайсанға да қалады
Облыс әкімі Даниал Ахметов "Tarbagatay Munay" компаниясының өкілдерімен кезекті жиналыс өткізді
Тараптар Зайсан ауданындағы газ мәселесіне қатысты бір шешімге келген.
Біздің соңғы кездесуімізден бастап кәсіпорын қызметіне терең талдау жүргізілді, бұған адамдардың негізді наразылығы себеп болғанын еске саламын. Компания Зайсан ауданының елді мекендерін газбен қамтамасыз етіп, Қытайдан келетін серіктестері алдында экспорттық міндеттемелері бар. Энергетика министрлігінің зерттеу сараптамасы аяқталғанға дейін ҚХР-ға газ жеткізу тоқтатылған болатын, - деп еске салады Даниал Кенжетайұлды.
Компания осы жылы мұнай өндіруді бастайтынын және осы әзірлемелерден қосымша газ өндіруді қамтамасыз ету мерзімін 10 жылдан 30 жылға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Қазір Зайсан ауданы үшін қор мөлшері 325 миллион текше метрді құрайды, экспорт үшін - 70 миллион. Бұл міндеттемелерді орындау үшін ғана емес, сондай-ақ түскен қаражатты мұнай кен орнын одан әрі игеруге жұмсау үшін де жеткілікті.
Зайсан ауданының тұрғындары алаңдамаса болады, біз нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік және "Tarbagatay Munay" ашық түрде жұмыс істейтін болады. Өз тарапымнан ауданды одан әрі газдандыру бойынша барлық міндеттемелерді орындайтынымызды және ол әрі қарай жалғасатынын атап өткім келеді, - деді Даниал Ахметов.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі аудан әкімімен жиналыста компания егер Қытайға газ бермесек, жергілікті халық та газсыз қалады деген болатын.
Шарт бойынша ауданды 10 жыл бойы үздіксіз газбен қамтамасыз етіп отырамыз, - дейді компания өкілі. - Қазіргі таңда ақырыда мұнай өндіруді бастадық. Егер осы іс жолға қойылса, аудан қосымша газбен тағы 20-30 жыл қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Қытайға экспортталатын газ көлемі 70 млн текше. Бұл ары кетсе, 4-5 ай уақыт, көлге тамған тамшыдай ғана көлем. Бұдан түскен қаржы компанияның жұмысын, қызметкерлерін еңбекақымен қамтамасыз етуге қажет. Қытайға экспортталатын газды есептемегенде, аудан үшін 325 млн текше газ көлемі қалады, баға да сол қалпы өзгеріссіз қалмақ.