Зайсандағы түйе өрмекшілер (фаланга) қауіпті ме?
Әлеуметтік желі қолдануышлары Зайсан ауданында өрмекшітектес жәндіктер - фалангалардың қаптап кеткені туралы жазуда
Бірі бұл жәндік Зайсан ауданында бұрыннан бар екенін айтса, енді бірі Тарбағатай ауданына жете ме деп қорқады.
Бұл бүйенің бір түрі, бұрын елде бұндай болмаған. Қай жақтан ауып келгені белгісіз, - деп жазды желі қоданушысы Асел Мержақып.
Бұл жәндік бұрыннан бар. Көбіне Қараталдың құмында болатын, - дейді Дарын Ғаббасов есімді тұрғын.
Халық үрейленгенімен жәндіктердің шағуына байланысты Зайсан ауданының медициналық ұйымдарына тұрғындар жүгінбеген.
Бұл мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті не дейді?
ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ 9-бабына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган инфекциялық және паразиттік ауруларға эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асырады. Фалангтар жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғышы болмағандықтан, фалангтардың шағуынан зардап шеккендерді бақылау қызметтің құзыретіне жатпайды, - деп мәлімдеді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, мамандар фалангалардың Зайсан ауданының шөл және шөлейт аймағының фаунасына тән жәндіктер болып табылатынын мәлімдеді. Фалангтар улы емес. Егер шағып алса, дереу антисептик қолдану керек – сутек пероксиді, бриллиант жасыл, йод немесе спирт.