Шыбын-шіркеймен күресуге күршімдіктердің шамасы жетпей отыр
Жаз келсе болды, күршімдіктер маса, шыбын, шіркеймен алыса бастайды. Масаның көптігінен халық көз аша алмай отыр
Күршімдегі масалардың мәселесі жылда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріледі. Бірақ проблеманың шешімі аудандық деңгейден аса алмай отыр. Бұл шыбын-шіркей адамдардың ғана емес, қорадағы мал мен құстың да мазасын қашырды. Масаға таланып отырған ауылдардың басында Қалжыр, Боран және Теректі тұр.
Халықтың біраз бөлігі шыбын-шіркейдің кесірінен-ақ қалаға көшіп кетіп жатыр. Ол жақта жағдайлары келіспесе де, ауылда тұрақтап тұруға бейіл емес. Мұнда күздік күртке, әскери киім және торкөз бетперде "ұлттық киім" саналады. Күндіз де, түнде де осы киімді шешпейтін болдық. Шыбын-шіркей адамды да, малды да мезі етті. "Жаздың бір күні - қыстың мың күні" демекші, еңбек маусымында қимылдауға мүмкіншілік бермейді, - дейді күршімдіктер.
Зиянкестердің көбеюіне табиғи және адами факторлар себеп болып отыр. Өзінің саналы ғұмырын табиғатты қорғауға арнаған жерлесіміз, орнитолог-ғалым Борис Щербаков шыбын-шіркей суы тұнық елді мекендерде күн ысыған кезде пайда болатынын айтады.
Қара Ертістің бойындағы күршімдіктердің жағдайы расымен оңай емес. Шыбын-шіркей суы тұнық, ылғалды, ыстық жерде ұя салып, ертеңінде-ақ, қаптап шығады, - деп атап өтті орнитолог-ғалым.
Ал енді олар қандай себептен көбейіп отыр? Бұл екінші мәселе, себебі қазір Қара Ертістің бойында осы шыбын-шіркейді жейтін құстардың саны азайған екен.
Шыбын-шіркеймен қоректенетін қара құс, қаршыға, шіл, шыбыншы торғай сияқты құстардың саны бұрынғымен салыстырғанда 80-90%-ға азайған. Неге азайды десек, біріншісі - адами фактор. Құстар жылы жаққа ұшқан кезде Таяу Шығыс елдеріне ұшады. Ол жақта құстарды аулап, қуырып базарларда саудаға шығарады. Мысалы, 2016 жылы Маямиде 20 млн ұсақ құс ауланып, ресторандарға азық болған. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты. Екінші жағдай - табиғи фактор. Мысалы, көктемде жылы жақтан ұшып келген құстар мамыр айында кенеттен қысатын аязға шыдамай өліп кетеді. Бұл факторлардың барлығы құстар санының азаюына себеп, ал құстар зиянкестермен қоректенеді, - деп атап өтті Борис Щербаков.
Бұл проблема Қара Ертісті бойлай қоныстанған ауылдардың басым көпшілігінде кездеседі. Яғни, тек Күршімде ғана емес, Павлодар облысында да бұл мәселе өзекті. Дегемен Павлодар облысында зиянкестермен күресу үшін облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді екен. Ал Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы күршімдіктердің проблемасынан тіпті бейхабар.
Біз шыбын-шіркейдің қаптағаны туралы естімедік, біз ол сұраққа жауап бере алмаймыз, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағылар.
Күршім ауданы шыбын-шіркей мәселесін шамалары келгенше өздері шешуде. Биыл аудандық бюжеттен зиянкес-термен күресіп, дезинфекция жұмыстары үшін небары 20 млн теңге ғана бөлінген екен. Шыбын-шіркеймен күресу үшін бюджеттен бөлінетін қаражат жылда 10-20 млн теңгенің көлемінен аспайды. Салыс-тырмалы түрде қарайтын болсақ, Павлодар өңірінде маса-шіркей мәселесі шамамен 7 елдімекенде өзекті. Соңғы 3 жылда Павлодар облысында маса-шіркеймен күресу үшін облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл әр жылға шамамен 500 млн теңгеден деген сөз. Сондықтан болар, маса, шыбын-шіркейді улау тікұшақтармен жүргізіледі. Нәтижесі де халықтың көңілінен шығады.
Барлық жұмыстар комиссиялы түрде ауылдық округ әкімі, сонымен қатар ауылдың азаматтары, белсенділердің қатысуымен бақылануда. Бұл мәселені шешуге бір ғана ауданның шамасы жетпейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бола ма, Экология министрлігі ме, барлығы бірілесіп, ғылыми түрде зерттеуі керек, - деді Күршім аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов.
Алайда бұл мәселені Ертістің бойындағы басқа өңірлер зерттеп қойған. Павлодарлық мамандар омбылық ғалымдармен бірлесе отырып, құстар санының төмендегенінен шыбын-шіркей қаптап кеткенін дәлелдеді.
Осы мәселенің шешімі ретінде орнитолог-ғалым Борис Щербаков жалпы елімізде 10 жылға аң-құсты аулауға тыйым салу керек деген пікірді ұстанып отыр.