Е. Ердаулетов: "Оқу мен спортты қатар алып жүрмін"
Киокушинкай-кан карате спорт түрі бойынша Испания елінде өткен Әлем чемпионатына қатысқан жерлесіміз олжалы оралды
Бүгінде бірнеше додалардың жеңімпазы Ералы Ердаулетов 2007 жылы Зайсан ауданында дүниеге келген. Үйінде төрт балының екіншісі. Оқу мен спортты қатар алып жүрген Ералы Шоқан Уалиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің 10-шы сынып оқушысы.
Спортқа деген қызығушылық қай кезден басталды?
- Спортпен 4-ші сынып оқып жүргенде, 8 жасымнан бастап шұғылдана бастадым. Бірде мектептің спорт залына барсам, ішінде ақ түсті киім киген балалар жаттығып жүр екен. Бұл қандай спорт түрі деп сұрасам, карате деді. Содан бастап қызығушылығым артып, ертеңінде жаттығу залына келдім. Көбі жаңа келген балалар болғандықтан бірінші күннен өзімді жақсы көрсеттім. Бапкерім мені бір ай жаттығып жүрген балалармен белдестірді. Кездесуімнің барлығында жеңіске жеттім. Соңында жаттықтырушым "жарайсың" деп арқамнан қақты. Сол сәттен бастап мен каратемен айналыса бастадым. Содан бері, міне, айналысып жүргеніме 7 жыл болды. Осы аралықта бірнеше додаларға қатысып, бағымды сынап келемін. Бірде бағым, бірде бабым шапқан жарыстарда жеңістің де, жеңілістің де дәмін татып көрдім.
Үлкен додаларда татамиге шыққан кезде қандай күйде боласыз? Қобалжу болатын шығар?
- Әрине, міндетті түрде. Қарсыластың соққысы байқамай өтіп кетсе, жағдайым қалай болмақ? Соның барлығын іштей ойлап, қобалжып тұрамын. Сондықтан қателік жібермеуге тырысасың. Бұдан бөлек, елдің атынан шыққан соң артымызда көк байрағымыз тұр дегендей... Әр спортшы сол артылған үмітті ақтауға талпынуы қажет. Сонда жеңіс те болады.
Испания елінде өткен әлем біріншілігінде қола жүлдені қанжығалағаныңызды білеміз. Бұл жарыста сәттілік жетіспеді ме, қалай? Әлде, жартылай финалда қарсылас мықты болды ма?
- Кез келген жарыста қарсыластар мықты болады ғой. Испания еліндегі Валенсия қаласында өткен Әлем чемпионатына Қазақстанда іріктеу өтті. Әр елден тек 4 мықты спортшы ғана қатысатын болды. Мен сол іріктеуден өтіп, Әлем чемпионатына қатысуға жолдама алдым. Менімен бірге тағы қасымдағы достарым Ақат және Алияр есімді балалар да жолдамаға ілініп, Испания еліне бірге аттандық. Жалпы 39 ел, 465 спортшы қатысты. Осы жарыста менің салмақ дәрежемде әр елден 18 спортшы келді, оның 4-еуі Қазақстаннан болды. Мен алғашқы жекпе-жекте Украина елінің спортшысымен кездестім, мықты спортшы екен. Бірақ төрешілердің бір ауыздан жасаған шешімімен жеңіске жеттім. 2-ші жекпе-жекте Польша елінің спортшысымен күш сынастым, ол да мықты қарсылас болды. Оны да төрешілердің шешімімен жеңіп, чемпионаттың жартылай финалына өттім. Ал жартылай финалда өзіміздің Тараз қаласының спортшысымен күш сынастым. 3 раундтық жекпе-жек өткізіп, мен екі рет ескерту алып, сол себепті төрешілер жеңісті қарсыласыма беріп, ал мен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атандым.
Ақтық бәсекеде отандасыңызбен шыққанда қандай сезімде болдыңыз?
- Менің жеңіске деген құштарлығым зор болды. Екі қазақстандық спортшы финалда жолықтық. Жерлесіммен жұдырықтасу психологиялық тұрғыдан, әрине, оңай болған жоқ. Қайсымыз жеңсек те алтын медальдің Қазақстанға бұйыратындығын екеуміз де жақсы түсіндік. Бәлкім сондықтан болар, менің біраз босаңсып, финалдық кездесуде арқамды кеңге салғаным. Дегенмен де, екі жерлес көрерменге тартысты, қызықты кездесу көрсеттік деп ойлаймын.
Чемпион атану үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
- Ең алдымен адамда өзіне деген сенімділік болуы шарт. Сенімнің тау қопаратын күш екендігін ешкім жоққа шығармайды. Сонымен қатар, алдына "биік белестерді бағындырамын" деген мақсат қоя білуі қажет. Одан бөлек, шыдамдылық, батылдық, қайсарлық, еңбекқорлық керек деп санаймын. Жігеріңе сай күшің, күшіңе сай әдісің болса, спортшының мерейі қашан да үстем болады. Сондай-ақ, додаға түскен спортшының ойы жүйрік, қимылы шапшаң болуы да үлкен рөл атқарады.
Жекпе-жек өнері ең алдымен моральдық тұрғыдан жетілуге, үйлесімде өмір сүруге үндейтіні белгілі. Оқу мен спортты үйлестіре алдыңыз ба?
- Иә, бүгінде спорт пен оқуды қатар алып келемін. Үйлесім таптым деп ойлаймын. Осы тұста әсіресе мұғалімдеріме алғысым шексіз. Сабағымнан бөлек спортқа уақыт бөлуіме кедергі келтірмей, түсіністікпен қарап, қолдау көрсетіп жүр.
Каратенің қыр-сырын кімнен үйреніп жүрсіз?
- Өзімнің бапкерім Әліби Қанқожаевпен бірге жаттығу жасаймыз. Барлық жеткен жетістіктерім сол кісінің арқасы. Ол кісі спортты жанына серік ете жүріп, балаларға жол көрсетіп жүрген білікті бапкер. Жаттықтырушым маған тек каратенің айла-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, психологиялық қолдау да білдіріп отырады. Алғаш келгенімде: "Спорт шебері боласың" деп сенім артқан еді. Бұйырса, сол сенімін ақтап, әлі талай биіктерден көрініп, мақсатыма жетемін.
Болашаққа құрған қандай жоспарларыңыз бар?
- Жоспарларым өте көп. Шеберлігімді одан әрі шыңдап, алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионаттарында алмас қылыштай жарқылдап, жүлделі орындар алғым келеді. Қателіктеріммен жұмыс жасап, басқа да болатын жарыстарға жақсы дайындықпен барып, болашақта ерлер арасында үш дүркін Әлем чемпионы атануды армандаймын.
Сіз үшін адам бойындағы қандай қасиеттер маңызды және өмірлік ұстанымыңыз қандай?
- Ең бірінші кез келген істе адал болу маңызды. Жалпы кез келген спорт түрі ең алдымен бізді соған үйретеді. Сондай-ақ, уәдеде тұру мен үшін ең үлкен қасиет. Өтірік сөз, бос мақтан - мұның барлығы жақсылыққа апармайды. Содан кейін айналаңдағылардың барлығын кінәлай бергенді доғару керек. Әр адам алдымен өз қателіктерін өзі түзететін болса, қоршаған орта да өзгереді. Менің спортқа келгелі ұққаным, түйгенім осы болды. Бізді ең алдымен қателікті өзіңен іздеп, сол қателіктерді қайталамай, сонымен жұмыс істеуге тәрбиелейді.
Әр адамның өз құндылықтары болады. Сіз мұның қатарына нені кіргізесіз?
- Отбасым, достарым, оқуым.
Достарыңыз көп пе? Сіз қандай доссыз?
Қазақта "жан-жағыңды таспен емес, доспен қала" дейді ғой. Аллаға шүкір, достарым баршылық. Адамдармен қарым-қатынас жасағанда әрдайым ашық болып, жылы сөйлесу керек. Қиналса, қолдан келгенше көмектескен абзал. Нәтижесінде саған деген сенім пайда болады. Яғни, осыдан соң, өздігінен айналаңа жақсы адамдар жинала бастайды. Мен үшін достықтың маңызы осында жатыр.
Біздің анықтама:
- 2018 жыл - Әлем чемпионатының қола жүлдегері
- 2019 жыл - Азия чемпионы; ҚР чемпионатының күміс жүлдегері; Халықаралық турнирдің чемпионы
- 2020 жыл - ҚР қола жүлдегері
- 2021 жыл - ҚР чемпионатының чемпионы
- 2022 жыл - Шығыс кубогінің чемпионы; ҚР чемпионатының қола жүлдегері; Испания еліндегі Әлем чемпионатының қола жүлдегері