Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Зайсанда ұсталған күдіктілердің бірі обаны тонағанын мойындады

Топырағын түртсең, тарихтан сыр шертетін Шілікті даласындағы обалар қараусыз қалып, аяусыз тоналып жатыр деп тұрғындар тағы дабыл қағуда

Усть-Каменогорск и ВКО / Зайсанда ұсталған күдіктілердің бірі обаны тонағанын мойындады

Бұл не деген бітпейтін тонау?! Тәйт деп тоқтау салар, жүгенсіздікті тыяр жан табылмай ма? Еліміздің аса бай мәдени құндылығы саналатын обалардың - тарихи ескерткіштердің айдың-күннің аманында көз алдымызда тоқтаусыз, бейберекет қазылып, қопарылып жатқаны жанға батады. Қорғансыз қалған қорымдарды тонаудың түп төркіні тікелей алтынға қатысты екенін айтпаса да бесенеден белгілі. Тонаушылардың көкейін тескені - алтын. Осы жайттың бәрі ауыл тұрғындарының мазасын қашырып, бейжай қалдырмай келеді.

Обаларды обалды қылып кетіп жатыр

Тұрғындар қанша дабыл қақса да көп жағдайда "тоналу фактілері жоқ" дегенді ғана естіп келді. Айта кету керек, Зайсан ауданына қарасты "Алтын адам" табылған Шілікті өңіріндегі обалардың тоналуы жайлы қаңтардың басында дабыл қаққан еді.

Негізі сақ қорғандарын тонау фактілері 2016 жылдан бастап тіркеліп келе жатыр. Былтыр мамыр айында да үлкен қарақшылықтың ізін көргенбіз. Әлі күнге дейін ұрылар іздестіріліп жатыр. Ал қаңтар айындағы факті бойынша: алғаш болып байқаған ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Әнуархан Күнкейісов. Сосын бірге барып көрдік. Бұл қаңтар қырғынының алдында болған оқиға. Сол кезде тонаушылықты тіркеп, тиісті орындарға хабарласып, мамандарды шақырғанбыз. Берел мұражайының қызметкері Алмас Сарбасовқа хат жолдадық. Арнайы комиссия да келіп кетті, - деген еді сол кезде Шілікті ауылдық округінің әкімі Айдын Кеңесов.

Ауыл тұрғындары күнде көз алдындағы обаның бір түннің ішінде тоналғанын растаса да, жауапты органдар мен ішкі істер органдары "қылмыстық фактілер жоқ" деген ақпарат берген екен.

Ал одан кейін көп ұзамай сәуір айының ортасында Тарбағатай ауданы, Жаңалық ауылына қарасты Бесоба деген жердегі қорымды да біреу қазып, бетін ағашпен жауып кеткен деген факті анықталған еді. Осы мәселе бойынша аудан әкімі мен Шығыс Қазақстан облыстық Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекемесінің басшысының жауабы нақты болмай, "анықтауды қажет етеді" деп жылы жауып қойған еді.

Жақында тағы бір обаны қазып кеткен

Енді, міне, мамыр айында, осыдан төрт-бес күн бұрын тағы да Шілікті ауылының қасындағы Тасбастау елді мекенінен жоғары Сарытұмсық арасында тағы бір обаны қазып (тонап) кеткен. Оны Шілікті өңіріндегі обаларды күзететін әрі жауапты Дамир Абикенов анықтаған.

Ата-бабамыздың мыңдаған жыл сақталған қорғандарына қорған бола алмасақ, несіне жүрміз? Тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ететін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен белсенділерді қудалап, қамайтын ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов не қарап отыр? Неге тонаушыларды қамап шара қолданбайды, жоқ әлде бұларға мәдени мұра ескерткіштерінің бүлініп, қазақтың тарихы жойылғаны керек пе? - дейді Дамир Абикенов.

Сондай-ақ, осы обаның тоналғаны анықталғанның ертеңінде түнгі 02.00 мен 03.00 арасында Зайсан ауданынан Шілікті ауылына келе жатқан ауыл азаматтары ел арасында "Ресторан" аталып кеткен бастаудың жанынан бір Газель көлігі мен Нива машинасын көріп тоқтаған. Олар: Өскемен қаласының тұрғындары үш славян ұлтының азаматы мен бір Тасбастау ауылының тұрғыны, қалған екеуі Қарабұлақ ауылының азаматтары болып шықты. Секем алған жігіттер оқиға орнына Шілікті ауылының әкімін шақыртып, күдіктілердің көлігін тексеру барысында күрек, алтын іздейтін құрылғыны және қажетті қазу құралдарын тапқан. Сондай-ақ, қосымша алтын бұйымдар (тарихи жәдігерге жатпайды) табылған. Ұсталған күдіктілердің сөзіне сенсек, олар алтын емес, темір іздеушілер екен.

Археологиялық бай мұраға, әрине, қамқорлық ауадай қажет. Тұрғындардың алаңдауына себеп бар. Сол күні түнде ауыл азаматтары хабарласқанда оқиға орнына дереу жеттім. Барғанда көргенім: қаладан келген өзге ұлт өкілдері мен өзіміздің көрші ауылдың азматтары жүр екен. Мән-жайды сұрастырып, тінту жүргізгенде барлық айғақты таптық. Құқық қорғау қызметкерлерін шақыртып, істі бірге жүргіздік. Басында ұсталғандар мойын-дамай, сөздерінен шатасып, "жай темір іздеп жүрміз" деген. Тіпті, ақшамен шешіп, жібере салуларын сұрады. Кейін аудандық полиция бөліміне апарғанда Тасбастау ауылының тұрғыны оба қазумен айналысып жүргендерін мойындады. Бірақ қасындағы қалған жігіттер бұл ақпаратты жоққа шығарып, өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, мойындамай қойды. Қазіргі таңда табылған құралдар тәркіленіп, зерттеуге жіберілді. Ал ұсталған азаматтар сенім хатпен босатылды. Біз істі ары қарай аудандық полиция бөліміне тапсырдық. Ары қарай сол кісілер айналысады, - дейді Шілікті ауылының әкімі Айдын Кеңесов.

Күдіктілер бостандықта жүр

Ауыл азаматтары күдіктілерді ұстағанның өзінде қазіргі таңда оларға ешқандай шара қолданылмай, бостандықта жүр екен. Бір күн бұрын оба тоналғаны жайлы хабар түскенде ешқандай іздеу, бақылау жұмыстары жүргізілмеген бе? Аудандық құқық қорғау қызметкерлері неге күдіктілерді жібере салған? Құзырлы мекемелер неге құзыретсіз? Көр қазып, ата-баба қорымдарын шашып, аруақты қорлаған азғындарды қандай жаза күтеді?... деген тағы басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне хабарласқан едік.

Аталған факті ағымдағы жылдың 20 мамырында белгіленген тәртіппен Зайсан ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Күдіктілер істің анық-қанығына жету үшін бөлімге жеткізілді, оның нәтижелері бойынша ҚР ӘҚБтК-ның 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды - тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi жүзеге асыру. Тексеру шаралары аяқталғаннан кейін материал түпкілікті шешім қабылдау үшін сотқа жолданады, - деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. - Әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар жасау заттары және құралы тәркiлене отырып не онсыз, жеке тұлғаларға - 15 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 40 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірісті, ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкеп соғады.

Өңірде бұған дейін орын алған тонау оқиғаларына осы күдіктілердің қатысы болуы мүмкін бе?.. Тергеу жүріп жатқандықтан әзірге ештеңе белгісіз.


Следующая →