Көктем-жазда жиі қолданылатын химикаттардан уланып қалмас үшін не істеу керек?
Адамдардың өмірінде химиялық заттардың (ауыл және қосалқы шаруашылықта, саяжай учаскелерінде және т.б.) кеңінен қолданылуына байланысты соңғы уақытта адамдар мен жануарлардың денсаулығына әртүрлі улы химикаттар мен минералды тыңайтқыштар үлкен қауіп төндіруде
Пестицидтер – бұл улы қасиеттері бар және өсімдік шаруашылығында өсімдік қоздырғыштарымен, зиянкестермен, паразиттермен және арамшөптермен күресу үшін қолданылатын химиялық заттардың үлкен тобы. Сондай-ақ, оны үй жануарларының эктопаразиттерін жою үшін қолданады.
Әрбір пестицид тірі организмдер үшін улы, демек адамдар үшін қауіпті. Уытты заттар ағзаға ас қорыту жолдары, тыныс алу жолдары, тері, шырышты қабаттар арқылы енуі мүмкін. Улы химикаттар әсер етуші затқа байланысты уыттылыққа, канцерогенділікке, тератогенділікке, эмбриоуыттылыққа ие болады, адамның шырышты қабығына тітіркендіргіштік әсер етеді. Адам ағзасына өте аз мөлшерде түссе де, пестицидтер биологиялық процестердің жүруіне әсер етеді, олардың әдеттегі бағытын бұзады және әртүрлі физиологиялық функциялардың өзгеруіне әкеледі, бұл уланудың әртүрлі клиникалық формаларында көрінеді.
Қазір көктем-жазғы маусымның басталуымен улы химикаттар жиі қолданылады, сондықтан оларды сақтау мен қолдану кезінде өте сақ болу керек. Уланудың алдын алуда пестицидтер мен агрохимикаттарды дұрыс сақтау маңызды рөл атқарады. Пестицидтерді ұқыпсыз сақтау және дұрыс пайдаланбау олардың жем, су, ауа, адамдардың тамақ өнімдерін ластауына әкеп соғады. Мұның бәрі адамдар мен жануарлар үшін өте қауіпті.
Уланудың клиникалық көрінісі уланудың сипатына байланысты. Химиялық заттармен улану көбінесе өткір болады және тәбеттің жоғалуы, сілекей, құсу немесе лоқсу, диарея, дірілдеу, құрысулар, паралич және жалпы әлсіздікпен қатар жүреді. Уланған жануарлар тұра алмайды, ыңыранады және көбіне тез тез өліп қалады.
Пестицидтерді пайдалану кезінде уланудың алдын алу үшін әрбір препаратты қолдану әдістерімен мұқият танысып, өңдеу мен өнімді жинау арасындағы күту мерзімдерін ескеру, жеке қорғаныш құралдарын қолдану кезінде препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықты мүлтіксіз орындау қажет.
Улы химикаттармен жасалатын барлық жұмыстарға кемінде 18 жасқа толған, медициналық тексеруден өткен және осы жұмыстарға рұқсат берілген адамдар ғана жіберіледі. Бала емізетін және жүкті әйелдерді, жасөспірімдерді және емделмейтін жаралары бар адамдарды машиналармен жұмыс жасауға тыйым салынады.
Өндірістік уланудың алдын алу мақсатында жұмысшылардың организміне уытты заттардың түсу қаупін жоятын немесе едәуір дәрежеде азайтатын іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Машиналарға техникалық қызмет көрсететін жұмысшыларға (механизаторлар және т.б.) улы химикаттармен жұмыс істеу кезіндегі ережелер мен сақтық шаралары туралы нұсқау берілуі тиіс.
Улы химикаттармен улануды болдырмау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 3 тамыздағы №ҚР ДСМ-72 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы қағидаларында айқындалған санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау маңызды.
Пестицидтерді қолдану кезінде (мысалы, өсімдіктерді өңдеу кезінде) қорғаныс киімдері мен аяқ киімдерін, газ маскасын (респираторды) пайдалану керек, өйткені ауа-тамшы жолы арқылы улардың адам ағзасына енуі көп таралған. Күндізгі тапсырманы орындау кезінде пайдаланылмаған улардың қалдықтарын қоймаға тапсыру қажет. Далаға төгілген ұнтақ немесе төгілген сұйық пестицидті топырақпен жабу керек. Улармен жұмыс істеу кезінде темекі шегуге, тамақ ішуге тыйым салынады.
Жұмыс аяқталғаннан кейін жұмысшылар қолдарын сабынмен мұқият жуып, шаңды улармен жұмыс істегеннен кейін құлақтарын, мойындарын жуып, аузын шаю керек. Жұмыс орнында алғашқы көмек көрсету үшін улы химикаттармен уланған жағдайда қажетті көмек көрсету құралдарының жиынтығы бар дәрі қобдишасы болуы тиіс.
Ашық жерде қолдануға арналған химиялық заттарды үй-жайларда қолдануға болмайды. Бас сүйегі бейнеленген және «Т+», «Т» белгілері бар құралдар өте улы. Крест бейнесі және «Xn» белгісі бар препараттар аз мөлшерде улы. «Xi» деп белгіленген құралдар тітіркендіргіштік әсерге ие.
Уытты улану жағдайларын болдырмау үшін барлығын, соның ішінде жеке бизнес, ұжымдық, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы өкілдерін, пәтер және жеке үй иелерін көрсетілген ережелерді қатаң ұстануға, улы химикаттарды пайдаланған кезде абай болуға шақырамыз.