Өскемен
пасмурно
-6°
  • Өскемен
    -6°
  • Алматы
    -5°
  • Астана
    -11°
  • Ақтөбе
    -11°
  • Актау
    +3°
  • Орал
    -3°
  • Қарағанды
    -10°
  • Көкшетау
    -8°
  • Қостанай
    -10°
  • Қызылорда
    -3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -4°
  • Туркестан
    -9°
  • Шымкент
    -4°
$
523.86
-0.16
544.34
-0.85
¥
71.77
-0.05
5.11
+0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

"Серпін" шығысты қаншалықты серпілтті?

Оңтүстіктен оқуға келген жастар шығыста жұмыс табу, баспана алу қиын екенін айтады

Усть-Каменогорск и ВКО / "Серпін" шығысты қаншалықты серпілтті?
Фото:
редакция мұрағатынан

2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырысымен атағы жер жарған "Мәңгілік ел жастары - индустрияға" - "Серпін-2050" әлеуметтік жобасы басталды. "Ә" дегенде жүзеге асқан мемлекеттік бағдарлама "шу" дегенде бәрін шуылдатып, кең ауқымды қамтыды. Бүгінгі таңда сол жоба аясында білім алып, жоғары оқу орындарын тәмамдап, шығыста қалып жұмыс істеп жүрген жастар көп. Солардың хәл-жайы қандай? Оларды жоғары оқу орны немесе жергілікті әкімдік жұмыспен яки баспанамен қамтамыз етті ме? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Ең бірінші "Серпін-2050" жобасының не екеніне, оның механизмі қалай жұмыс істейтініне түсініктеме беріп өтейік. Бұл бағдарламаға Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының мектеп бітірген түлектері қатыса алады. Шарт бойынша Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ мен кешенді тестілеу сынағынан 50 балдан кем емес ұпай жинап, қажетті құжаттарды мерзімінен кешіктірмей тапсырса болды. "Неліктен Маңғыстау және оңтүстік өңірлердің оқушылары ғана қатысады?" деген сұрақтың тууы заңды. Өйткені жоғарыда аталған аймақтар Қазақстандағы бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы орындағы, халық көп шоғырланған мегаполис және жұмыссыздық дәрежесі басым аймақтарға жатады. Мысалы, Алматы мен Шымкент қаласындағы тұрғындар саны бір миллионнан асады. Алайда "Серпін" жобасына Алматы қаласының мектептерін бітірген абитуриенттер қатыса алмайды. Тек Алматы облысының (кішкентай қалалар, кенттер, аудан орталықтары мен ауылдар) оқушылары орталық, шығыс, солтүстік өңірлерге барып білім ала алады.

2014 жылы аталмыш жоба аясында 2050 студент, 2015 жылы 6200 студент, 2016 жылы 11 296 студент жоғары оқу орындарына қабылданған.


"Жұмыс табуға әкімдер де мүдделі"

"Серпін" жобасы алғаш іске қосылғанда Үйлестіру кеңесі деген болатын. Оның төрағасы Мұрат Әбенов еді. Қазір аталмыш жоба Білім және ғылым министрлігіне қарап кетті.

2014-2018 жылы "Серпін" бағдарламасы студенттерінің алғашқы легі оқыды. Оларға оқу бітірген соң университет орналасқан аймақта 3 жыл жұмыс істеу міндетті делінген болатын о баста. Алайда 2018 жылы түлеп ұшқан бірінші түлектердің басым көпшілігі келген жақтарына қайтып кетті. 2019 жылы оқу бітірген жас мамандардың да жартысы кетіп, жартысы қалды. Қалғандар әркім өзі үшін жанталасып, өзгеден бұрын жайлы да жақсы орындарға жұмысқа орналасуға тырысты. Кейбіреулері шалғай аудандар мен ауылдарға кетті. Сәйкесінше, тұратын жерін де әркім өзі шешті. Біреуі жатақханаға орналасты, біреуі пәтер жалдады.

Жалпы, баспана мәселесін шешудің түрлі жолдары бар. Мемлекет азаматтардың баспана мәселесін шешуі үшін түрлі тетіктер әзірлеген. Әртүрлі бағдарламалар бар. Жобаға қатысушылар осы тетіктерді пайдалана білуі тиіс. Біз жоба бойынша бірінші кезекте жастарға білім беріп, жұмысқа орналастыру жағын қарастырамыз. Сонымен қатар, "Серпін" әлеуметтік даму ұлттық қорын құрып, жобаға қатысушы жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысамыз. Кей жағдайда жобаға қатысушылардың баспана мәселесін жұмыс берушілер шешуі мүмкін. Мәселен, Рудный тау-кен технология колледжін бітірген 25 түлектің өз еркімен сол жерде қалып жұмыс істеймін деген 13-іне Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі жұмыс беріп, қызметтік пәтерлер ұсынды. Жоба бойынша білім алған жастарға өздері оқыған өңірлерде қалып, жұмыс істеу туралы қатаң талап жоқ. Өздері қалаған жерлерге бара береді. Ондай жағдайда біз оқу бітірген азаматтарға жұмыс тауып бермейміз. Ал оқу бітірген соң барған облыстарында қалар болса, жобаның Үйлестіру кеңесі жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жұмыс тауып беру тетіктерін қарастырады. Жоба бойынша жастарды қабылдаушы аймақтардың басшылары да бұған мүдделі, - деген еді Мұрат Әбенов бір сұхбатында

"Бізге уәде еткендердің біреуі де болмады"

Бұрынғы үйлестіру кеңесі төрағасының айтуынша, "Серпінмен" оқуға түскен жағдайда қосымша екі үлкен кепілдік бар. Біріншісі, оқуды бітіргенге дейін жатақханада тұру. Жалпы грантпен оқуға түскендерде ондай кепілдік жоқ. Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Яғни, алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, "Серпінмен" колледжге түскендердің басқа колледж гранттарынан айырмашылығы: жылына 2 рет студенттердің жол шығындары төленеді және қыстық киімдерін алуға адам басына 60 мың теңгеден астам қаражат бөлініп, барлығына үш мезгіл ыстық тамақ беріледі, - деген болатын Мұрат Әбенов.

2015 жылы Өскемендегі ШҚУ-дың "Тарих" факультетіне оқуға түсіп, 2019 жылы аяқтаған Нұрсұлтан Аманқұл есімді жас маман қазіргі таңда Катонқарағай ауданының Қабырға ауылында тұрып, ұстаз болып қызмет атқарып жатыр.

2018, 2019 жылы бакалавр дәрежесін бітірген студенттерді 3 жыл қалып жұмыс істеуге міндеттемеді. Мен өзім қалдым. Шәкіртақы алдым, жатақханада тұрдым, жылына 2 рет жол шығынын өтейтін жәрдемақыны алдым. Жатақхана ақылы болды деп шағымданбаймын. Бәрі тегін бола берсе, қадірі болмайды ғой. Бірақ мен оқуға құжат тапсырған кезде Өскемен қаласына хабарласып, университеттегі әскери кафедра туралы сұрадым, "әскери кафедра бар" деген соң таңдап түстім. Келгенде жоқ болып шықты. Тегін ыстық тамақ берілу керек дегенді сізден естіп отырмын. Әйтеуір мамандығымды жоғары біліммен тәмамдап шықтым. Маған университет те, әкімдік те, жұмыспен қамту орталығы да жұмыс немесе баспана ұсынған жоқ. Маған ғана емес, жалпы қатарластарымның ешбірі ондай көмек ала қоймады-ау. Катонға өз қаражатыма бардым. 3-4-дік курстың жаз мезгілінде іс-тәжірибеден өту үшін Берел қорғандарына келетінбіз. Екі жыл жазда сақ қорғандарының мұражайында жұмыс істегендіктен, таныс тауып, осы ауданда қалып қойдым. Егер сол мүмкіндік болмаса мен де Шымкентке қайтып кетер ме едім, кім біледі?! Баспананы да жұмыспен қамту орталығына барып, арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша алдым. Жәрдемақыға да қол жеткіздім. Қазір, шүкір, табиғаты керемет жерде жұмыс істеп жатырмын. Өкініш жоқ, - дейді Отырардың жігіт Нұрсұлтан Аманқұл.

Нұрсұлтан Аманқұл өзінің көптеген жерлестерінің, бірге оқыған серпіндік курстастарының шығыста қалғысы келгендерін, бірақ ешқандай жағдай жасалмай, жұмыс табылмағандықтан және баспанаға қол жеткізу қиын болғандықтан елдеріне қайтып кеткенін айтады.

Ғазиза Нұрдан 2021 жылы "Дефектология" мамандығын тәмамдаған. Ол да екі қолға бір күректі өзі тапқан студент.

Мен қазіргі жұмыс орныма өз күшіммен кірдім. Бізге университетте былай айтты: "жұмысты өздерің тауып, сол жерге орналасып, бізге анықтама қағазын әкеліп бересіңдер. Егер табылмаған жағдайда жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз есебінде тіркеліп, "Жастар" практикасынан өтесіңдер. Солар ұсынған вакансияны қабылдайсыңдар" деп. Баспана алу үшін жастарға қолайлы ешбір бағдарлама жоқ екен, - дейді Түркістан облысының түлегі.

Десек те, университет қызметкерлері тауып берген жұмыста істеп жүрген мамандар да бар екен.

4-курс оқып жүргенде кафедра меңгерушісі бізге бос тұрған вакансиялардың тізімін жіберді. Солардың біріне хабарласып, барып сөйлесіп, қолыма дипломымды алған соң жұмысқа орналастым. Ұстаздарыма рахмет, - дейді 2017-2021 жылдары "Дефектология" мамандығында оқыған Әсел Құрымбай есімді "Серпін-2050" жобасының түлегі.

Депутат Кәрібай Мұсырман: "Серпін" әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тамамдаған түлектердің білім алған жерлерінде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес. 2018 жылы ЖОО бітірген алғашқы түлектердің 24%-ы ғана өздері оқыған өңірлерде жұмысқа қалған" - дейді.


Ауылға барғылары келмейді


Әрқашан таятың екі ұшы бары белгілі. "Серпінмен өтірік алдап әкеліп алып, жұмыс пен үй бермей қойды" деп университет пен жергілікті басшылықты сынай беруге де болмайды. Мысалы, 2020 жылы оқу бітірген "Филология" факультеті "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының Серпін студенттері "біз жұмысты өзіміз әрең іздеп тауып орналасып, осында қалдық" дейді.

Бізге басында баспана да, диплом бойынша жұмыс та болады деген. Оқу бітірген соң "Серпін" бөліміне барып сұрадық. Ол кісілер вакансияны ауылдық жерлерден ұсынды. Өйткені қалада бос жұмыс орындары болмады. Ал біз айдаладағы ауылға барып, қалай жалғыз өзіміз тұрамыз? Ешкіміміз жоқ, - дейді бүгінгі таңда облыстық Пушкин атындағы кітапханада жұмыс істеп жүрген Маулипа есімді жас маман.

Қала мектептерінде орын болмағандықтан Өскемендегі кітапхана, тілдерді дамыту басқармасы, өнер мұражайы секілді мекемелерде амалсыз жұмыс істеп жатқан Маулипа секілді қаншама ұл-қыздар бар. Әзірге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жас мұғалімдері дипломдарын сандыққа салып қоюға мәжбүр.

Дегенмен бұл олардың өздерінің таңдауы. Университет жалақысы жоғары бос жұмыс орнын ұсынды. Шалғай ауылға барғылары келмеген жастардың өздері.

Ұзын сөздің қысқасы, "Серпін-2050" бағдарламасы міні жоқ теңдессіз бағдарлама. Бар гәп - оның іске асу және орындалу механизмінде болып тұр. Өйткені әлеуметтік желіде жүргізген сауалнама бойынша көптеген серпіндіктер университет бітірген соң жұмыс іздеп, баспана таппай қиналып қалғандарын жеткізген. Бұдан шығатын қорытынды, "Серпінмен" келген серпінді жастар дамымай жатқан өңірлерге серпіліс берсін десек, тұрақтап қалсын десек, олардың баспана мәселесін шешіп беруді үкімет немесе жергілікті билік қолдарына алуы тиіс.

Следующая →