Зайсан ауданындағы Бақасу ауылының жолын жөндеуге 29 млн теңге бөлінген
Жауын-шашын болса лай батпаққа айналып, одан қалса, бомба түскендей ойлы-шұңқырлы болып жатқан Бақасу ауылының ішкі жолдарына асфальт төселді
Зайсан ауданы, Кеңсай ауылдық округіне қарасты Бақасу ауылының тұрғындары бірнеше жыл бойы жол азабын тартып келеді. Күні кеше ғана ауылға төселген жаңа асфальттың бүгінгі жай-күйі ауыл тұрғындарын әбден титықтатқан. Олардың айтуынша, көктемде лайы шығып, жазда шаңы бұрқырған ауыл ішінен ұзап шығу бейнет.
Шыдамның да шегі бар. Жолдың зардабын тартып болдық. Уәделерінде тұрып, істі аяғына дейін неге жеткізбейді? Республикалық комиссия жол құрылысына бөлінген ақшаның мақсатты жұмсалуын неге бақыламайды? Басы басталып, он күнде ғана бітетін біраз жолды аяқсыз қалдырғандары дұрыс па? Адамға бірінші кезекте қажетті - жол, су, жарық. Одан басқасын сұрап та отырғанымыз жоқ, - дейді ауыл тұрғыны Серік Амангелді.
Бұл мәселеге аудан әкімдігі де қанық. Бірақ Бақасу ауылының ішкі жолын әлі комиссия және аудан әкімдігі қабылдап алмағаны белгілі болды. Бақасу ауылының ішкі жолын жөндеуге тапсырыс беруші - ауыл әкімдігі. Бұл жолға облыстық және республикалық бюджеттен барлығы 29 миллион теңге қаражат бөлінген. Жауапты мердігер "Зайсан құрылыс" компаниясы.
Бұл жолды жөндеу өткен бейсенбіде басталған. Он күннің ішінде бітуі керек болатын. 600 метрдей жолға асфальт төселіп біткенде техникадан ақау шығып, бір күн ғана жұмыс тоқтап қалған. Соны халық дұрыс түсінбей, әлеуметтік желіге таратып жіберген. Қазіргі таңда жоспардағы 1 метр жолға асфальт төселіп, жұмыс толығымен аяқталды. Бірақ комиссия әлі қабылдап алған жоқ. Себебі асфальт төселген соң біраз уақыттан кейін шетіне жиктас төселуі керек. Содан кейін бірақ қабылдап алады, - дейді Кеңсай ауылдық округінің әкімі Асылан Смайылов.
Ал аудан әкімдігі мен комиссия қабылдап алған Омбы-Майқапшағай-Жарсу-Бақасу-Саржыра автокөлік жолына асфальт төселгеніне 1 жыл 7 айдан кейінгі көрінісі қазіргі таңда ойқыш-ұйқыш, жазда шаңы аспанға көтеріліп, көктемде жауын-шашынмен ми батпақ болып езіліп жатады екен. Бұл жолды жөндеуге мемлекеттен 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі аталған жолдың жағдайы өте нашар. Жолды білмей алғаш жүрген жүргізушілер жол апатына түсуі әбден мүмкін дейді халық. Қазіргі таңда бұл жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі.