Алакөлге келушілер көп, бірақ мемлекетке түсетін салық аз
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов"Жылдың үздік кәсіпкері" байқауы аясындағы бизнес өкілдерімен кездесті
Жиын барысында өңір басшысы кәсіпкерлердің облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына едәуір үлес қосып жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде көмек көрсеткен бизнес өкілдеріне ерекше алғысын білдірді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бизнес-қоғамдастықты қаңтардағы оқиғалардан сабақ алуға және жаңа Қазақстанның негізі болатын жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты бастауға шақырды. Отандық бизнес өкілдерімен өткен соңғы кездесуде Президент кәсіпкерлерге ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесетін нақты қадамдарды белгілеген болатын. Тәртіпсіздіктерден зардап шеккен бизнесмендер шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттен несиені кейінге қалдыру және салықты төмендету түрінде жанама қолдау шараларын ғана емес, сонымен қатар толыққанды қаржылық төлемдерді де алады. Мәселен, біздің облыста ағымдағы жылдың қаңтар айында тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен 7 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 6,1 млн теңге сомасына өтінімдер мақұлданды.
Билік пен бизнес бір-біріне сенімді серіктес болуы керек. Сіздер өз әрекеттеріңізбен елдің басты жетістіктері біздің қоғамның бірлігі мен ынтымақтастығына тікелей байланысты екенін көрсеттіңіздер. Қаңтардағы оқиғалар қазақстандықтарға моральдық ғана емес, материалдық зиян келтіргеніне қарамастан, мемлекет үшін осы қиын кезеңде сіздер өте жедел, ең бастысы, өзара көмек қолын шын жүректен создыңыздар, - деді жиында облыс әкімі Даниал Ахметов.
Өңірдің бизнес өкілдері мемлекет және атқарушы билік тарапынан қолдау көріп отырғандарын жеткізіп, тек елдегі береке-бірлік кәсіптің дамуына жол ашады деп атап өтті.
Қаңтар оқиғасы қаншалықты тұрақтылық, бірлік басты байлығымыз екенін көрсетті. Қазір кәсібім жанданып келеді. Біз өндіретін тәтті тоқаштар, бауырсақтар, кондитерлік өнімдеріміз кең сұранысқа ие. Еңбек етіп, мемлекет тарапынан тиісті қолдауға ие болғанның арқасында, ісіміз оңға басып келеді. Өңірде бизнестің өркендеуіне кең жол ашылып келеді. Алғысымыз шексіз, - деді кәсіпкер Алтынай Рамазанова.
Сонымен қатар, облыс әкімі бүгінде бизнеске барынша қолдау көрсетіп жатқандығын айта келе, бір миллионға жуық туристер Алакөлде демалысын өткізсе де, кәсіпкерлер тарапынан бюджетке 87 миллионға жуық теңге көлемінде салық түскенін, бұл өте аз екенін атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі кәсіпкерлерді салық төлеуге шақырды. Шара соңында әлеуметтік жауапкершілікті түсініп, қайырымдылық іске белсене араласып жүрген бизнес өкілдеріне Даниал Ахметов алғыс айтып, мақтау қағаздарымен марапаттады.