"Шырақшы" Үржардың Құрметті азаматы атанды
Алыс елді мекендер мен жырақтағы ауылдарда жанбай жатып сөнген қаншама таланттар бар десеңізші. Олардың ішінде қап түбінен жарқ етіп шыққандары некен-саяқ. Үржарда сондай жандардың бірі де, бірегейі Мұратжан Мұқажанов ағамызды аудан халқы таяуда бір ұлықтады
Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» («Хранитель света») деп аталатын толықметражды көркем фильмінің басты рөлін сомдаған Мұратжан Мұқажановты шақырып, ел-жұртпен жүздестірді. Аудандық Мәдениет үйінде алдымен "Шырақшы" фильмінің көрсетілімі болып, Нұржан Тоқсейітов Мұратжан ағамыздың иығына шапан жауып, «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. «Абырой» төсбелгісін кеудесіне қадады. Өнерге деген, талантқа деген тағзым, құрмет осындай болар...
Жалпы, айта кетерлігі, Мұратжан Мамырбекұлы басты рөлді сомдаған «Шырақшы» фильмі Ресейдің Сочи қаласында өткен IV Халықаралық кинофестивальдің Гран-При жүлдесін, Анапада өткен 28-«Киношок» кинофестивалінің арнайы дипломын, Шанхайдағы Бүкіләлемдік кинофестивальдардың сыйлықтарын жеңіп алған.
Ал ұзақ жылдар осы Үржар ауылында Абай атындағы мектеп-лицейде алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы болған Мұратжан ағамыз бұл фильмге осы білім ордасынан зейнетке шыққанан кейін түскен. Онда да осыдан бірнеше жы бұрын Мүкеңмен бірге оқыған марқұм Әшірбек Сығайдың ұсынысымен кинопробадан өтіп барып таңдалыпты.
1969 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ өнер институтының кино және театр маманы (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Өнер институты) мамандығы КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның класы бойынша бітірдім. Кейін белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі мені, Құман Тастанбековты, Әшірәлі Кенжеевті, Ерсайын Дүйсенбиновті таңдап алды. Осындай өнер майталмандарымен бір курста, бір топта оқыдым. Жалпы, бұған дейін дейін түсіру алаңына мүлде жолаған жоқпын деп айта алмаймын. Студент кезімде, 1967 жылы Александр Карповтың «Мың шақырымдық жол» («Дорога в тысячу верст»), Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильмдерінде эпизодтық рольдерде ойнадым. Ал бүгін туған жерімде мені аспанға көтеріп жатқан халқыма, өңір басшысы Нұржан Тоқсейітов бастаған осындағы ЕскендірҚұсайынов, Жанат Аңдасова, Әсет Абайбеков, т.б. өнерсүйер жандарға айтар алғысым шексіз. Өзім туып-өскен Жаңа тілек ауылының, ұзақ жыл ұстаздық еткен мектебімнің, аудан орталығы Үржар халқының ашық құшағы мен ыстық ықыласына да рақмет айтамын, - дейді жасы 70-тен асқан талант иесі Мұратжан Мұқажанов.