Бесобадағы обалар тоналғаны рас па?
2022 жылы 20-сәуірде фейсбук әлеуметтік желісін Тарбағатайдағы ежелгі сақ қорғандарының "тағы да" қарақшылыққа ұшырағаны туралы ақпарат кезіп кетті
Зайсан ауданының тұрғыны Еркебұлан Зағыпаров өзінің жеке парақшасында сақ обаларының бірінің үстінен түсірілген ШҚО тұрғынының бейнежазбасын жүктеді.
Мен қазір Жаңалық пен Сағындық ауылдарының арасындағы Бесоба қорымдарының бірінің үстінде тұрмын. Қызығы, бұл жерде 28 метр тереңдіктегі шұңқыр қазылған. Кім қазғаны, қашан қазғаны белгісіз. Өйткені айналасында не топырақ, не құм, не тас жоқ. Тек бетін тақтаймен жауып қойған, - дейді бейнежазба түсірген автор.
Ал осы мәселені желіге жүктеген Е. Зағыпаров "Тарбағатай ауданына қарасты қорғандар да қазылып тоналуда" деп жазады.
Алайда біз Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен "Fake news. Fact checking" тақырыбымен Қостанай қаласында өтіп жатқан семинар-тренинг барысында бұл ақпаратқа факт-чекиң жүргіздік.
Бұған археологияға жауапты мамандар да жауапты пікір білдірді.
Шағым түскен күні Тарбағатай ауданына өзіміздің жауапты қызметкерлерімізді жібердік. Барлығын фото, видеоға түсіріп, акт жасап, ауданның ішкі істер бөліміне өтініш жазып, істі сол кісілерге тапсырды. Жалпы Бесоба деген жерде 10-ға таяу үлкен қорған бар. Жергілікті тұрғындар қазылған жерге байланысты ештеңе байқамаған. Енді біз қай кезде қазылғанын анықтап, бұл жер тарихи құндылыққа жататын-жатпайтынын анықтап, жергілікті ішкі істер бөліміне қатынас қағаз жібереміз, - дейді Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекеменің басшысы Талғат Сүлейменов.
Факт-чекиң жүргізілді. Үкім бойынша "обалар тоналып жатыр" деп кесіп шешім шығаруға әлі ерте.
Фейсбук бетінде нақ сол оқиға орнынан түсірілген суреттер табылмады. Тек видео авторының түсірген бейнежазбасы ғана дәлел бола алады. Сондықтан сақ обасы тоналды деп әлден дабыра қылғанымыз жөнсіз болар.