Шығыстан мамонттың тісі табылғаны рас па?
Бірнеше күн болды еліміздегі бұқарылық ақпарат құралдар өкілдері "Семейде мамонттің тісі табылды" деп жарыса жазуда. Табылған экспонат расымен мамонттікі ме?
"Прииртышье" өлкетану қауымдастығы 20 жылдың көлемінде Бесқарағай ауданындағы Стеклянка ауылының маңында қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл қар еріп, жер ашылғанда ерікті археологтар мамонттың тістері, қыштан жасалған құмыра, аттың үзеңгісін тапқан екен.
Біз Бесқарағай ауданы әкімдігіне хат жолдап, тарихи мұралар табылған жерлерді қорғап, ешқандай құрылыс мақсатындағы қазба жұмыстарын жүргізбеуді сұрадық. Өзіміздің Семейден және Нұр-Сұлтан қаласынан археологтарды шақырдық. Олар он шақты күнде келіп, табылған бұйымдарға өз бағаларын береді. Егер қажет болса, ол жердегі қазба жұмыстарын жалғастырады, - деді Семей қалалық Өлкетану мұражайының директоры Қайрат Сабырбаев.
Табылған құмыра бір-екі жерден ғана сәл шытынаған. Оның іші дымқыл құмға толып қалған екен. Бағзы заманның бұйымдарынан бөлек, өлкетанушылар мамонттың тістерін тапқан көрінеді.
Біздің өлкетану қауымдастығы 9 сәуір, сенбі күні, экспедициялық сапарға шықтық. Стеклянка ауылының маңында апаттық жерлеу орнын таптық. Жерлеу орнында темір үзеңгісі бар жылқының сүйектері болған. Сондай-ақ, біз сирек кездесетін сазды ыдысты шығардық. Ол шамамен біздің заманның lll ғасырында көмілген болуы мүмкін, - деп атап өтті "Прииртышье" өлкетану қауымдастығының төрағасы Марат Сасанов. - Біз тапқан экспонаттардың ішінен мамонтың тісі де шықты. Біз ол тіс мамонттікі екеніне сенімдіміз, өйткені бұл өлкеде қазба жұмыстарымен айналысып жүргенімізге 20 жылдай болды. Бұл біз тапқан бірінші мамонттың тісі емес.
Әуесқой өлкетанушылар білікті антрополог мамандарға жүгінбей, өз тәжірибелеріне сүйене отырып, табылған тістер мамонттікі деп баға беріп отыр.
"Прииртышье" өлкетану қауымдастығы табылған экспанаттарды өз мұражайларына немесе мектеп жанындағы мұражайларға тапсырады.