Екі күнде Самар-Құлынжон тас жолын тоздырып жіберді
Көкпекті ауданының қарамағындағы Самар ауылын улап-шулап жеке аудан етеміз деп жүргенде самарлықтар мен Құлынжон жұртының бас қатырар мәселесі басқа болып тұр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Ертіс өзеніне көпір салу жұмысы қазіргі таңда қызу жүріп жатыр. Көктем шыққалы Құлынжон ауылының тұсындағы құмға тасжол төсеу үшін тас пен топырақ тасыған КамАз көліктері айналдырған бір аптаның ішінде Самар мен Құлынжон ауылдарының арасындағы асфальттың быт-шытын шығарған.
Екі-ақ күнде жолдың тас-талқаны шығып жатыр. Жүруге жарамсыз етті. Күзге дейін көпір құрылысына тас таситын болса, бұл жолды мүлде құртатын болды ғой, - деп жергілікті халық дабыл қақты.
Егер жол жөндеуші компания екі тәуліктің ішінде жолдың күйін осындай қалыпқа түсірсе, күзге дейін көпір құрылысына тас тасыған ауыр жүк көліктері мына қарқындарымен бүтін жолдың құйқасын сыпырып, миын шығаратыны анық. Омбы-Майқапшағай халықаралық тас жолының жөндеуі неше жылдан бері бітпей жатқандықтан, кейінгі үш-төрт жылда осы жолмен қатынап жүрген Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Күршім ауданының такси жүргізушілері алдағы уақытта жол ақысын көтеретіні анық.
Алдымен облыстық жолға бақылау жүргізетін мекеме қауіпті жол аймақтарын ескертетін жол белгілерін орнату қажет. Ешбір ескерту әрі бақылау жоқ жолда ертең жол апаты орын алуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан көпір құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания тез арада бұзған жолды қалыпқа келтіруі қажет. Бұл осы екі күннің ішіндегі жағдай, енді он күн осылай жалғаса беретін болса, Самар мен Күршім ауданының бағытындағы тас жолдан түк те қалмайды. Келтірген шығындар мен опырылған тас жолды мердігер компания дереу қалыпқа келтірсін. Көкпекті ауданы әкімдігі мен облыстық жолға жауапты мемлекеттік мекеме, оған қоса тапсырыс беруші мекемелер қатаң бақылауға алуы қажет, - деді осы мәселені көптің талқысына салған журналист Еркебұлан Зағыпаров.
Бұл туралы көп күттірмей Көкпекті ауданының басшысы да пікір білдірді.
Әлеуметтік желіде Самар мен Құлынжон арасындағы, нақтырақ айтсақ, Құлынжон ауылына кіре берістегі облыстық маңызы бар тас жолдың жағдайы қызу талқыға түсті. Аталған жолды күтіп-ұстауға "ОблШығысЖол" ЖШС-ның ПДУ-6 мекемесі бекітілген болатын. Кеше аталған автомобиль жолының жағдайы бойынша Самар және Құлынжон ауылдық округтерінің жергілікті қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, "ОблШығысЖол" ЖШС жауапты мамандарымен кездестік. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдарды ескере отырып, келесідей шешімге келдік: Самар-Құлынжон ауылдары арасындағы автомобиль жолының шұңқырларын жөндеп, жолды қалпына келтіру; Су тасқыны кезеңінде аталған жолмен ауыр жүктерді тасымалдау уақытша тоқтатылады. Қазіргі таңда Самар-Құлынжон ауылдары арасындағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстары басталды. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады, - деп өзінің жеке парақшасында жазба қалдырды Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейтқанов