Бұқтырма су қоймасы үстінен салынып жатқан көпір құрылысы қарқынды
Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынатын көпір құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда
Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң былтыр Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір құрылысы басталған. Бүгінгі таңда «Бұқтырма су қоймасы» арқылы салынатын көпір құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда.
Үздіксіз дәнекерлеу және басқа да жұмыстарды атқару үшін бағандар орнатылып, электр желісі тартылды, - деп хабарлады Күршім ауданы әкімдігі. - Ауыр жүк техникаларымен жағалаудағы аралға топырақ тасу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суға арналған скважиналар бұрғыланып, ауыз сумен қамтылған. Уақытша көпірдің судағы 222 метр жеріне диаметрі 1000 және 1450 сантиметр болатын арнайы темір тіреулер қағылып, үсті бетон конструкциямен жабылған. Негізгі көпірдің тіреулері де қағылып, бетон құйылуда. Бүгінде көпір құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Су ішінен жасанды аралдар жасалып, ауыр техникалардың жүруіне жолдар салынған. Вахталық әдіспен 105 адам жұмыс істеп жатқан көрінеді. Жоспарланған 2 жолақты автомобиль көпірінің ұзындығы 1316 метр, ені 12,2 метр. Көпір Бұқтырма су қоймасының ені ең тар учаскесінде, Күршім ауданы Құйған ауылының тұсынан өтеді. Жоспар бойынша көпір 3 жыл ішінде салынып бітуі керек. Яғни, 2021 жылы басталып 2023 жылы аяқталуы тиіс.