Улы өрмекшілердің бәрі шаға бермейді
Кішкентайынан ауылда өсіп, далада ойнап, қорада қи ойып, өзен жағасында жалаң аяқ жүгіріп, үйілген шөптің үстінде ұйықтап көрген адамға өрмекші, қарақұрт, бүйі деген таңсық нәрсе емес. Бірақ солай дегенмен де, өрмекшілердің қызыл, сары, көк түсті, ірі түрлерін өмірде көрсеңіз, денеңіз тітіркеніп, бастапқыда қорқып қаласыз
Алматы қаласында ашылған "Өрмекшілер үйі" (Паучий дом) көрмесі шұғылалы шығыс шаһарына да келіп кетті. Келген күннен бас-тап буынаяқты жыртқыш жәндіктерді көруге құмартқан балалар мен жасөспірімдер саны өте көп. Тіпті ересек адамдардың өздеріне әлемнің басқа құрлығынан әкелінген жәндіктерді көру қызық секілді.
Біз жиі көріп жүретін кішкентай өрмекшілер жоқ. Барлығы да алақандай-алақандай, түрлері қорқынышты, суық жәндіктер. Төрде аранеолог Рашид Бараев алдына келген 10-12 жастағы балаларға және олардың ұстаздары мен ата-аналарына өрмекшілер өмірі туралы қызықты деректерді айтып жатты. Негізі бұл көрменің мақсаты - адамдардың өрмекшілерге деген қорқынышын жою, жабайы табиғатта олармен ұшырасып қалған жағдайда не істеу керектігін, өзін қалай ұстау керектігін үйрету.
Өрмекшіден 3 түрлі жіп шығады
Дүние жүзінде өрмекшінің 3000-ға жуық түрі бар деп есептеледі. Олардың ішінде адамның алақанындай үлкендері де, көзге әрең шалынатын кішкентайлары да, тіпті тор тоқымайтындары да кездеседі. Мысалы, Оңтүстік Америкада тышқан, торғайды ұстап жейтін түрлері, сонымен қатар шақса адам өлтіретіндері қатар кездеседі. Өрмекшілердің жақын туыстарының бірі - Тарантул. Оны қазақтар "бүйі" дейді. Кәдімгі, жаздыгүні ауылда барлығымыз жиі көретін, көң мен қидың арасынан шыға келетін бүйі. Ол да өрмекші тәріздес алты аяқты, сегіз көзді және жергілікті табиғатқа бейімделген жәндік.
Өрмекшілер бірдей симметрияны беретін екі жартыдан тұрады. Өз кезегінде, өрмекші түрлерінің басым көпшілігінде уды синтездейтін бездер бар. Оларды негізінен мүмкін жыртқышты ұстап алу және парализдеу үшін пайдаланады. Өйткені удың арқасында жемтігін ұстаудың өте тиімді механизмдері бар. Өрмекші ықтимал жыртқышты анықтаған кезде, олар оны өздерінен шығатын жібек торлары арқылы аулай бастайды.
Буынаяқтыларды, омыртқасыздарды зерттейтін арахнология саласына кіретін зоологияның бір саласы - аранеология деп аталады. Өрмекшілер - бұл бүкіл әлемде кең таралған жануарлар тобының бірі. Ең таңқаларлығы: Құран Кәрімде өрмекшінің атымен аталатын аят бар және ол жерде өрмекшінің ұрғашы мен еркегі болатыны жөнінде де айтылған екен.
Тарихқа көз жүгіртсек, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына һижрет етіп бара жатып, Хира үңгіріне жасырынған кезде Алла Тағала қысқа уақытта өрмекшіге пәрмен етіп тор тоқытқызады. Мүшіріктердің із кесушісі іздеп келіп, үңгірдің аузына тоқылған өрмекшінің торын көріп, ішіне кірмей кетіп қалған екен. Оның артынан ерген қарулы әскер де мұнда ешкім жоқ деп ойлап өтіп кеткен көрінеді.
Өрмекші тәрізділер - дене бөліктері айқын білінбейтін, өкпе немесе демтүтік арқылы тыныс алатын, басым көпшілігі құрлықта мекендейтін бірнеше жай көзді жәндіктер. Олар дара жынысты буынаяқтылар. Негізгі өкілдері: бүйі, қарақұрт, сарышаян, кене, шаршылы өрмекші, қыршаян.
Өрмекші көбелек, шыбын, қоңыз, маса, шіркей тәрізді ұшатын бунақденелілермен қоректенетіндіктен жыртқыш жәндік саналады. Ол құрсақ бөлігінің ең төменгі жағында орналасқан, көзге бірден түсетін үш сүйелден шығатын жіптен өрмек-ау тоқиды. Шын мәнінде ол ешқандай жіп емес, өрмекшінің ішінде арнайы қалыптасып, содан бөлінетін сұйықтық. Бірақ ол ауаға шыққан кезде қатып қалатын қасиетке ие. Ең қызығы, өрмекшінің үш сүйелінен үш түрлі сұйықтық бөлінеді. Біріншісінен берік те жуан, екіншісінен қорегін аулайтын жабысқақ, үшіншісінен пілдеге пайдаланылатын нәзік те жіңішке өрмек шығады.
Өрмекші өзі шабуылдамайды
Аранеолог маман балаларға өрмекшілердің кімге болса да, неге болса да өздігінен шабуыл жасамайтынын айтып, оны іс жүзінде көрсетіп берді. Одан кейін шыны жәшікте тұрған түкті буынаяқтыларды кезек-кезек алып, балалардың алақанына, шынтағына, үлкендердің мойнына, басына қойып көрді. Егер өрмекшіге агрессиялық қарым-қатынас танытпаса, өрмекші қанша жерден улы болса да, зиян келтірмейтініне көзіміз жетті.
Мен бұл көрмені ұйымдастыру арқылы адамдардың өрмекшілерге деген қорқынышын сейілткім келді. Сондай-ақ, адамдар өз бойларындағы қорқыныштың, фобияның себебін іздеп, түсініп, сонымен күресуге болатынын дәлелдегім келеді. Бүгінгі осы жерде айтқаным, көрсеткенім - балаларға алдағы өмірінде сабақ болады деп сенемін. Негізі бұл жердегі өрмекшілердің барлығында уы бар. Алайда бұлар құсжегіштер болғандықтан у бөлетін бездері басқалармен салыстырғанда әлсіздеу. Бұл менің хоббиім әрі бизнесім десе де болады. Әзірге өзімнің жеке коллекциям осы, - деп сырымен бөлісті осы көрмені ұйымдастырушы, өрмекшілердің қожайыны Рашид Бараев.
Торы темірден де мықты
Қазақстанда улы өрмекшілердің де түр-түрі бар. Олардың көбі шөлді, шөлейтті және ылғалды орманды жерлерде мекен етеді.
Шаршылы өрмекші - ағаштың бұтақтарының арасына дөңгелете тор тоқып, жемтігін күтіп, торға түскен соң сонымен қоректенеді. Оның денесі екі бөліктен тұрады: бас-көкірек және құрсақ бөлігі. Бас-көкірегінің жоғарғы жағында сегіз жай көздері болады. Соның арқасында ол айналасындағыны 360 градуспен түгелдей көре алады.
Бүйі - өрмекшілер тұқымдасына жататын, қалың түкті, тұрқы 4 см-ге дейін жететін жәндік. Бүйінің тұрақты реңі болмайды. Қара, қызылсары, қошқылтым, ал бауыр жағы ақшыл болып кездесе береді. Күндізгі уақытта жерден 60 см терең қазылған інде, шұңқырларда жасырынып, қорек іздеуге түнде ғана шығады. Жаздың соңғы айлары мен күздің басында аналық бүйінің уы күшейеді. Қыстыгүні сол інді тереңдетіп қазып алады да, аузын топырақпен бекітіп, балаларымен бірге тұра береді. Бүйілер құрғақ жерде ғана емес, су маңында да тіршілік ете береді.
Қарақұрт - улы өрмекшілер тұқымдасына жатады. Оның аналығы аталығынан әлдеқайда ірі болады. Қарақұрттың құрсақ бөлігінің үстіңгі жағындағы қызыл түсті ноқаттар адам көзіне бірден байқалады. Егер ноқаттар саны 13 болса, ол қарақұрттың өте улы екендігін білдіреді. Жыныстық жағынан жетілген аналық қарақұрт ең улы деген жыланнан да қауіпті екенін бірі білсе, бірі білмес. Оның шаққанынан түйе, сиыр, тіпті дер кезінде ем-шара қолданбаса адам да өліп кетуі ықтимал.
Қарақұрт әсіресе жусанды, құрғақ, бос алаңқайларда, арықтың жағалауларында, жыраларда болады. Ылғалды онша жақтырмайды. Уы пісіп жетілген аналық қарақұрттың түсі барқыт секілді қап-қара түкті болады. Мамыр-шілде айларында ауылдық, далалық жерлерде түнгі уақытта өте көп кездеседі.
Өрмекшілер жайлы қызық мәліметтер:
- Өрмекшілер жыл сайын ғаламшардағы барлық адамдардың санынан да көп жәндікті қорек етеді;
- Өрмекшінің балалары туа салып өрмек тоқи береді;
- Өрмекшінің жібек торы болаттан да мықты;
- Темірмен салыстырғанда өрмекші жібі 6 есе мықты;
- Өрмекшілер Антарктида континентін қоспағанда барлық тіршілік ету орталарында бар.