Бесікке бөлеудің сәні мен мәні қандай?
Бір кездері қазағымыз "Бесіксіз үйде береке жоқ" деуші еді. Ал бүгінгі күні ата-аналар баласын бесікке бөлеуден ат-тонын ала қошады
Қазақтың кез келген салтын алып қарайтын болсақ, оның әрқайсысында адамның болашағына әсер ететін үлкен тәрбиелік мән жатыр. Бұл қазақ халқының даналығы мен даралығын айқындайды.
Бауыржан Момышұлы "Бесігі жоқ елден қорқамын" дейтін. Бұл бір ауыз сөздің өзінде қаншама астар жатыр. Баланы бесікке бөлемеу арқылы тек қазақылықтан ғана емес, адамдықтан алыстау да қиын емес...
Қазіргі жастар және заманауи медицина бір ғана уәжді алға тартады. Бұл бесікте байлаулы жатқан баланың денесі демалмайды, денсаулығы нашарлайды. Дегенмен дененің тартылып оралуының өзінде денсаулыққа пайдалы қаншама тұстары бар. Жалпы бесікке бөлеудің сан қырлы нығметі мен хикметі бар.
Апаларымыз "баланың жанында құс қауырсыны құласа да балаға суық тиіп қалуы мүмкін" дейтін. Бұл дегеніміз балаға кез келген сәтте жел тиіп қалуы мүмкін. Ал бесікке бөленген баланың жапқышы болады. Ол баланы салқын тиюден, күннің ыстығынан сақтайды, шыбын-шыркейден қорғайды.
Сонымен қатар, баланы бесікке бөлеген соң, қазақтың "бесікке бөлеу", "ана жыры", "тыштыма" секілді ұлттық салт-дәстүрі қайта жаңғырады.
Бесікке бөлеуді үйрететін кім бар?
Қазіргі кезде қазақтың кең даласында баласын бесікке бөлейтін әжелер мен аналардың өзі де кем де кем.
Мен баламды бесікке бөледім. Бірақ маған баламды бесікке бөлеп үйрететін адам табылмады. Шамам келгенше интернеттен оқып, өзім бөлеп үйрендім. Балам ширай бастағанда, өсе келе, бесікке бөлеу мен үшін қиындай түсті. Бұл өз тәжірибемнің аздығынан, көп нәрсені білмегенімнен болар, - деді Күршім ауданының тұрғыны Аяжан Қуатбекқызы.
Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып бесіктің пайдасына тоқаталып кетсек: қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Баланың мазасыздығы ананың психикасына әсер етеді. Мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі. Бесік белгілі бір ырғақпен тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.
- Мен екі баламды да бесікке бөледім. Менің енем өзінің барлық балаларын бесікке бөлеген, сондықтан ол кісіден үйренгенім көп болды. Бірінші баламды басында енем бөлеп жүрді, мен үйренген соң өзім бөлей бастадым. Бесікке бөлеудің пайдасы мен артықшылықтары өте көп қой. Қолайсыздық туғызған бір нәрсе бар: қонаққа барғанда бала бесікке жатқысы келіп мазасызданып кетеді. Барлық үйде бесік болмағандықтан, бесікті өзімізбен тасып жүргуге тура келеді, - дейді қала тұрғыны Айым Бекежанова. - Негізі бесікке үйренген бала бір жастан асса да, аяғын салбыратып болсын, бесікке жатып алады.
Дегенмен әлі талай ата-аналар бесік бала денсаулығына зиян деген пікірді ұстанады.
Қазақ баласын ағаш бесікке салып баққан. Ағаш бесік көшпелі өмірге өте қолайлы. Қазір біз көшіп-қонып жүрен жоқпыз. Оның үстіне бесікті тербетемін деп баланың миын шайқап жіберсек, - дейді қала тұрғыны Ажар Қайратқызы.
Баланың дамуына пайдалы
Қазіргі заманның баласының тілі 3-4 жаста шығады. Көптеген балалардың тілі кеш шыққандықтан, бұл қалыпты жағдайға айналғандай.
Баланы бесікке бөлеудің маңызы зор. Үйде 10 ағайындымыз, 10 бала да бесікке бөленген балалармыз. Қазіргі күні анамыз немерелері мен шөберелерін бесікке бөлейді. Биыл біздің бесік 65-ке толды, - дейді дефектолог, логопед Құндыз Қайырқызы. - Логопед ретінде айтсам, бесікке бөленген баланың сенсорлық жүйелері жақсы дамиды. Сенсорлық жүйе дегеніміз бала өзінің бұлшық еттерін сезіне білуі керек. Қазіргі балалар тепе-теңдікті сақтамайды, сондықтан олардың сенсорлық жүйесі нашар дамиды. Кей балалар келе жатып сүріне береді. Оның барлығы тепе-теңдікті сақтай алмаудан, вес-тибилярлы аппараттың дамымауынан басталады.
Бесік баланы тербетуге өте қолайлы құрал. Бұл тербелістің өзі бала денсаулығы үшін аса маңызды.
Бесікте жатқан баланы біз тербетеміз. Ол тербелгенде баланың вестибилярлы аппараты дамып жатыр деген сөз. Бесікте жатқан балаға біз "бесік жырын" айтамыз. Жырды естіп өскен бала дыбыстарды анық естіп, уақытында сөйлеуге дағдыланады, - деп қосты Құндыз Қайырқызы.
Бағзыда бесіктегі баланы емізіп отырған анасы баласына бесік жырын айтқан, есейгенде ертегілер айтып, баламен әңгімелескен. Қазіргі кезде баланың аузында сорғы, телевизор не сымсыз телефоннан ютубты қосып, не орысша, не ағылшынша мульт-фильм сөйлеп тұрады, үйде ата-ана шала қазақша, не тіптен орысша сөйлеп жүреді. Сондықтан бала қай тілді қабылдау керектігінен шатасып, тілі кеш шығады.
Қазір көптеген ата-аналар балаларын бос жатқызады. Ол бала қол-аяғын ербеңдетіп, өзін-өзі шошытып, ұйқысы бұзылады. Ол баланың дамуына кері әсер береді. Бесікке бөлемесе де, баланы жөргекке орап тастау керек. Балалардың уақтылы сөйлемеуі, дыбыстарды дұрыс шығармауы түгілі, біздің қазақи тәрбиеміздің жоғалып бара жатқандығынан деп айтуға болады. Бұрын ата-бабамыз балалардың қолына сүйек ұстатып қоятын, ол сүйекті сорғанда баланың артикуляциялық бұлшықеттері дамыған. Қатты тағам жеу, құрт сору дыбыстардың таза шығуына септігін тигізген, - деп қосты дефектолог, логопед Құндыз Қайырқызы.
Медицина неге қарсы?
Адам баласының денсаулығын басты орынға қойғандықтан дәрігерлер бесікке бөлеудің ыңғайлылығы тарапынан емес, денсаулыққа зияны мен пайдасы тұрғысынан қарайды.
Егер баланы бесікке дұрыс бөлемесе, оның дәреті жайылып кетеді. Бесікке бөлегенде баланың қол аяғын қымтап байлап тастайды. Қатты қысылып оралғаннан кейін баланың аяғында қан дұрыс жүрмей, тоңады, баланың мазасы кетеді, - дейді педиатр Махаббат Кәдірқызы. - Бесікке бөленген балалардың арасында рахит ауруы кең таралған. Күн көзінің, яғни Д витаминнің жетіспеунен бала сүйек ауруына шалдығады. Бесікте бала арқасымен ғана жатады. Сондықтан бала басының формасы өзгереді, басы жалпақтау болады.
Бесікке бөленген баланы емізу үшін бесіктен шығарудың қажеті жоқ. Бесікті қисайта салып емізе беруге қолайлы. Алайда білікті мамандар бұл ана мен баланың арасындағы көрінбейтін, нәзік байланысты үзуі мүмкін екенін айтады.
Бесіктің жапқышы болған соң бала анасын көп көрмейді. Иісін иіскеп еміренбейді, анасының құшағында болмайды. Сондықтан оның өмірге бейімделуі де қатарластарынан қалыс қалып жатады, - деп қосты балалар дәрігері.
Дәрігерлер баланы бесікке бөлеуде бір ғана жағымды жақты көреді - ол баланың тыныш ұйқысы.
Бала тыныш ұйықтаған кезде ғана өседі. Ал бесікте жатқан баланың бір артықшылығы қол-аяғы дірілдеп, өзін-өзі оятпайды. Нәтижесінде оның өсу процесі де тезірек жүреді, - дейді Махаббат Кәдірқызы.