Зайсанда белгісіз дерттен бірнеше бас жылқы өлді
Өткен аптаның соңында "Зайсан ауданында жылқы малынан белгісіз ауру шығып, Қамбар ата түлігі қырылып жатыр" деген хабар тараған еді. Ақпараттың шығуына Жарсу ауылы тұрғындарының бағымындағы 5 бас жылқының белгісіз себептен арам өлгені негіз болған
Зайсан ауданы Кеңсай ауылдық округіне қарасты Жарсу ауылында жылқылар белгісіз аурумен ауырып, қырылып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, індет наурыз айының аяғында басталған. Ауырған мал бір апта жем, шөп жемей, тіпті, су ішпей, ауыздары мен тұмсықтарынан жасыл түсті жалғақ ағып, тұмсығы мен кеңірдегі ісіп кеткен. Осыған байланысты Зайсан аудандық аумақтық ветеринариялық инспекция және ауданның ветеринариялық қызметі мамандары алғашқы хабар түсе салысымен ветеринариялық іс-шаралар жүргізген. Аталған бөлім басшылары бүгінгі таңда осы жағдайға байланысты жылқыларды күнделікті тексеріп, ауырған жылқыларға симтоматикалық ем жүргізіп жатыр.
Бұл жұқпалы ауру емес. Адамдарға ешқандай қаупі жоқ. Бұл біздің анықтағанымыз бойынша малда кездесетін "пастереллез" деген ауру түрі. Ауру бір жайылымда жүрген екі үйдің жылқыларынан шыққан. 5 бас жылқы өлді, қалғанына ем-дом жасап, жазып алдық. Бүгінгі күні ауырған 4 бас жылқының 3 басы сауығып жазылды. Ауырған жылқылар оқшауланып, біздің бақылауымызда. Қазіргі таңда жағдай тұрақталды, ауырған малдар жоқ, - дейді ветеринария бөлімінің басшысы Қамбар Чилібаев.
Пастереллез - қызба, интоксикация, терінің, тері астындағы тіндердің қабынуы, артрит, остеомиелитпен сипатталатын жедел зоонозды жұқпалы ауру. Пастереллезге үй, жабайы сүтқоректілер мен құстардың барлық түрлері сезімтал келеді.
Қазіргі таңда жылқылардың нақты ауруын анықтау мақсатында сынамалар алынып, аудандық және облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілген. Әлі жауабы белгісіз. Мал иелерінің уайымы: бұл жұқпалы індет болып, жаппай ауданға тарап кете ме деген қорқыныш. Сондай-ақ, ветеринар егер бұл жұқпалы ауру болмаса, мал иелеріне өтемақы төленбейтінін айтты.